Депутаттар Ермұрат Бапи мен Ринат Зайытов Нұрбол Назарбаевтың әрекеттерін тексеруді сұрап, Бас прокурорға сауал жолдаған еді. Олардың сұрауына жауап берген Бас прокурор Берік Асылов Қуат Ерментаевтың арызы негізінде қосымша тергеу басталғанын растады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Асыловтың мәліметінше, Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті Қуат Ерментаевқа тиесілі «PORUS» ЖШС-нің жарғылық капиталының 16 пайыздық үлесін заңсыз қайта тіркеу фактісі бойынша тергеу жүргізген. Бұл іс Қылмыстық кодекстің 249-бабының 1-бөлігі бойынша қозғалған.
2024 жылдың 22 ақпанында қылмыс құрамы табылмағандықтан іс тоқтатылған. Алайда биыл 9 қазанда сотқа дейінгі материалдарды қайта зерделеу және Ерментаев келтірген жаңа дәлелдер негізінде бұл шешімнің күші жойылып, қосымша тергеу басталған.
«Қазір Алматы қаласы бойынша ЭТД келтірілген фактілерді жан-жақты және объективті тексеруге бағытталған қосымша тергеу әрекеттерін жүргізіп жатыр. Тергеу барысы прокуратура органдарының тұрақты бақылауында», – деп мәлімдеді Бас прокуратура.
Депутат Ермұрат Бапи бұған дейін Бас прокурорға жолдаған сауалында Қуат Ерментаевтың «Нұрбол Назарбаев тарапынан жасалған қысым мен рейдерлік әрекеттен кейін бар мүлкінен айырылып қалғанын» айтқан болатын. Оның сөзінше, Ерментаев әділдік сұрап, өз бизнесін қайтаруды өтінген.
Еске сала кетсек, жуырда Болат Назарбаевтың ұлы Нұрбол Назарбаев өзін банкрот деп тану туралы сотқа арыз түсіргені хабарланған еді.