«Болашақты мұнай-газбен байланыстыруға болмайды». Ноғаев ауыл балаларына теңіз ісі, IT мамандықтарын игеруге кеңес берді

Dalanews 01 апр. 2022 07:33 850

Нұрлан Ноғаев Жаңаөзен қаласына барған жұмыс сапарының екінші күні Рахат, Теңге ауылдарындағы бірқатар әлеуметтік нысанды аралап, екі елді мекеннің тұрғындарымен кездесті, – деп хабарлайды Dalanews.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аймақ басшысының Теңге ауылының тұрғындарымен кездесуінде ауыл әкімі Сәрсенбек Қалаубаев жыл бойы атқарылған жұмыстар туралы есеп беріп, 2022 жылға арналған жоспарларымен бөлісті. Өз кезегінде облыс әкімі Нұрлан Ноғаев жиналғандарды өңірде жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабардар етіп, сұрақтарына жауап берді, ұсыныстарын тыңдады.

Кездесуде халық әлеуметтік сала, жұмыспен қамту, мал шаруашылығы, жер телімдерін алу, көшелерге асфальт салу, денсаулық сақтау және коммуналдық қызметтердің құны мәселелерін көтерді.

Өңір басшысы барлық айтылған мәселелер маңыздылығына қарай жүйелі түрде шешілетінін атап өтті. Сондай-ақ, ата-аналарды болашақта балаларын

сұранысқа ие мамандықтарды таңдауына көмектесуге шақырды.

– Біз қазіргі уақытта болашақты мұнай-газ саласымен ғана байланыстыру дұрыс емес екенін түсінуіміз керек. Перспективалы салалар бар. Ол ауыл шаруашылығы, теңіз ісі, IT маманы. Өскелең ұрпаққа мұнай саласынан бөлек жеке әлеуеті мен дарынын ашуына мүмкіндік беруіміз керек. Сонда ғана біздің балалар бәсекеге қабілетті болады, – деді Нұрлан Ноғаев.


Бүгінде Теңге ауылында 17700 адам тұрады. Ауылда барлығы 3500 орындық 3 орта мектеп және 2 мектепке дейінгі білім беретін балабақша жұмыс істейді. Сонымен қатар, ауылда алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығы, дәрігерлік амбулатория, Жаңаөзен қаласының қалалық жедел жәрдем бөлімінің жанында Теңге ауылының бөлімшесі жұмыс істейді. Шағын бизнестің 84 субъектісі бар. Ауыл ауыз сумен, газбен және электр энергиясымен толық қамтамасыз етілген.

Бұдан кейін Нұрлан Ноғаев Рахат ауылының тұрғындарымен кездесіп, ауыл әкімі Өсербай Табыншаевтың жылдық есебін тыңдады. Рахат ауылының тұрғындары ауыз су, жұмыспен қамту, ауылды абаттандыру және көгалдандыру мәселелерін көтерді. Өз кезегінде өңір басшысы Нұрлан Ноғаев жиналғандарды облыста жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабардар етіп, олардың сұрақтарына жауап берді.

Есеп беру кездесулерінен кейін облыс әкімі Теңге және Рахат ауылдарында азаматтарды жеке мәселелерімен қабылдады.

Бүгінде Рахат ауылының 42 мыңнан астам тұрғыны бар. "Рахат", "Ақсу", "Мерей" шағын аудандарында 7 630 тұрғын үй тіркелген.


Ауылда 3 орта мектеп, 1 мемлекеттік және 7 жекеменшік балабақша жұмыс істейді.

Осы жылы «Рахат» шағынауданы Балауса, Гүлдер және Жемісті көшелеріне жалпы ұзындығы 3,6 шақырым болатын автокөлік жолдарының құрылысын жүргізу қаралған.

Рекомендовать
Последние новости