Блинкен келе жатыр: Жаңа Қазақстан АҚШ-тың ықпалды шенеунігімен ауыр әңгіме өрбітеді...

Dalanews 27 февр. 2023 02:46 1415

Ақ үй санкцияға қосылмай, сайғақтап жүрген елдерге салмақ салғалы отыр. Бұдан былай Кремльге жылы қабақ танытқан елдермен әңгіме басқаша өрбиді.  Dalainside осы туралы талдау жүргізген Bloomberg-тің мақаласын сатып алып жариялады.

"Кремльмен алыс-берісті үзе қоймаған елдерге кеңшілік жасайтын заман келмеске кетті. Санкцияға қосылмаудың амалын тауып, сан түрлі сылтау айтып үйренгендер бұдан былай АҚШ-тың қаһарына ұшырайды. Ресеймен арадағы экономикалық байланысты үдетіп, құлқыны ашылған бұларға таңдау жасау туралы талап қойылады", – деп жазады америкалық басылым.

Bloomberg-тың айтуынша американың Қаржы министрлігінде істейтін бір топ шенді осы месседжді жеткізу үшін Түркия мен Біріккен Араб әмірлігіне аттанған. Ақ үй идеологтары алдағы күндері Бейжіңнің өкілдерімен жүздесіп, "АҚШ пен Батыс санкциялық соғыстың келесі сатысына көшкенін" хабарлайды.

Dalainside мемхатшы Блинкеннің Орталық Азия сапарында экономикалық әріптестіктен бөлек санкция мәселесі сөз болады деп топшылайды. Негізгі ауыртпалық – Астана мен Ташкентке түскелі отыр.


"Мемхатшы аймақтағы есеп-қисапты доллармен жүргізетін компанияларға ақпараттық-түсіндіру дәрісін өткізеді", – дейді Bloomberg бұл орайда.

Түсінгеніміз, АҚШ аймақ басшыларының саяси позициясына сабырмен қараса да, корпоративтік сектордың бейтарап ұстанымын кешірмейді. Аймақтағы қаржы институттары мен компаниялар Ресеймен арадағы коммерцияны кідіртуі немесе кілт үзуі тиіс. Әйтпесе, қолымен істегенді, мойнымен көтереді. Блинкен осыны айтуға келе жатыр. Неге?

"Ақ үй Ресеймен ауылы аралас, қойы қоралас елдердің басқыншы мемлекетке жәрдемдесіп, түрлі тұрмыстық  (кіржуғыш, шаңсорғыш т.б)  техниканы жеткізіп жатқанын біледі. Ресейдің Қорғаныс министрлігі бұлардың бойындағы чипті жұлып алып, қару-жарақ өндірісіне жұмсауда", - дейді Bloomberg.

Су жаңа санкция пакетін сүзіп шыққан Dalainside келесідей қызықты мәлімет тапты.

АҚШ Ресей мен Беларуське құны 300 доллардан асатын смартфондар мен жылыту пештерін, ыдыс-аяқ жуатын мәшіне және принтерлерді тасымалдауға тыйым салыпты. Құны 750 доллардан асатын тоңазытқыштар, желдеткіштер мен кондиционерлер де бұдан былай Ресей нарығына кірмейді. Әңгіме, тағы сол чипке тіреліп тұр.


Айтқандай, Батыстан қол үзгісі келмейтін қаржы институттары мен компаниялар санкцияның жаңа пакетіне сай қарамағындағы Ресей активі туралы мәлімет беруі тиіс.

Бізге жеткен ақпарат бойынша осы сапарда Блинкен Қаңтар трагедиясының егжей-тегжейін сұрап, Ақорданың не себепті ОДКБ көмегіне сүйенгенін білмек ойы бар. Ол бұл сауалға былтырдан бері жауап ала алмай жүр.

"ОДКБ – Ресейдің ашса алақанында, жұмса жұдырығындағы әскери құрылым. Қазақ билігі мұны біле тұра, қауіпті қадамға барды. Біз бұдан секем алып қалдық", – деген еді АҚШ мемхатшысы.

Блинкеннің сапары Кремль пропагандасының қабырғасына батуда. Ресейдің Сыртқы істер министрлігі аймақ елдерін Ауғанстанмен қорқытып отыр. "Блинкеннің астына көпшік қоймаңыздар, жетегіне ермеңіздер. Олар ауған жерінің тоз-тозын шығарды. Америка әрдайым бір бармағын бүгіп жүреді", – дейді.

C5+1 форматындағы Блинкен бастаған америкалық делегация мен Орта Азия Сыртқы істер министрлерінің кездесуі 28-ші ақпанда өтеді.

 

Dalainside бұл туралы әлі де қаузай жазбақшы, арнаға тіркелуді ұмытпаңыз?

Мұнда кіріңіз

https://dalanews.kz/kogam/86803-aqzholdyqtardyng-tarazdagy-kezdesu

https://dalanews.kz/news/86772-amanat-tyng-saylaualdy-shtaby-shalgaydagy-auy

https://dalanews.kz/aimak/86754-shqo-da-algys-aytu-kunine-oray-96-is-shara-o

https://dalanews.kz/news/86758-qazaqstanda-135-myng-shetel-azamaty-zhumys

Рекомендовать
Последние новости