Бізде әр өңірде бір-бір Болат Назарбаев бар - депутат Құспан

Сағыныш Сардарова 20 мар. 2024 15:18 5374

Мәжіліс депутаты, заңгер Абзал Құспан әр өңірдің бір-бір Болат Назарбаевы бар екенін айтты. Сондай-ақ, ол сот жүйесінде бұған дейін қандай былықтар болғанын әшкереледі, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қоғамды елең еткізген оқиға - экс-министр Бишімбаев ісі. Былтыр ол әйелін ұрып өлтірді деген күдікпен қамауға алынды. Қазір сот отырысы өтіп жатыр. Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың бұл бірінші қылмыстық ісі емес.

Ол 2018 жылғы наурызда 10 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Бұрынғы шенеунік пара алу және ақша жымқыру істерінде айыпты деп танылған еді. Бишімбаевтың сот ісі төрт айдан аса уақытқа созылды. Онымен бірге бұл істе 22 адам сотқа тартылған еді. Олар "Бәйтерек DEVELOPMENT" АҚ экс-қызметкерлері, кәсіпкерлер және құрылыс компанияларының өкілдері болды. Экс-шенеунік 10 жылға сотталса да, тура 19 ай өткенде бостандыққа шықты.

Абзал Құспан оның бұлай ерте босап шығуының қандай құпиясы бар екенін айтты.

"Мерзімінен бұрын босатудың екі формасы бар, біріншісі - мерзімінен бұрын босату, екіншісі - жеңіл жазаға ауыстыру. Осы екі дүние сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстық істерге қатысты қолданылмайды. Президент жанындағы комиссия әлі бар, дәл қазір қалай жұмыс істеп жатқанын білмеймін. Экс-президенттің тұсында ол қатты жұмыс жасады.

Соттар мына жақтан кінәсін дәлелдеп, ақ тер, көк тер болып, істі қылып, адамды соттайды. Ол кезде Назарбаевтан кешірім сұраған шенеуніктер шығып кететін еді. Кешірім сұрамаған адамдар Экспоға қатысты сотталған Ермегияев сияқты әлі күнге жазасын өтеп жатыр.

Одан да зор қылмыс жасаған адамдар бүгін кешірім сұрап, ертесі күні босап кеткен жайы бар. Сондықтан Бишімбаев мерзімінен бұрын босап шыққан жоқ, президенттен кешірім сұрап, президенттің жанындағы комиссия арқылы босап шықты", - деп түсіндірді заңгер Usbanov ARNASY-на берген сұхбатында.

Назарбаев әулетіне қатысты айтылатын тағы бір есім - Боранбаевтың есімі. Ол сотты болғандардың қатарында бар. Былтыр 6 қарашада Қайрат Боранбаев бостандыққа шықты. Ал оған дейін наурызда  8 жылға сотталды. Қыркүйекте жаза мерзімі 6 жылға дейін қысқарды.

"Бай құда" Астананың орталығындағы 4 жұлдызды қонақүйді, басқа да біраз мүлікті мемлекет меншігіне тапсырды. Соның ішінде ресми деректерге сүйенсек, аумағы бес мың шаршы метрден асатын қонақүй кешенінің жылдық айналымы шамамен 900 миллион теңгеден асады екен.

Абзал Құспан Қайрат Боранбаев қандай себеппен ерте шыққанын түсіндірді.

"Процестік келісім жасалды. Ол кодексімізде 2014 жылдан бастап енді. 2015 жылдан бастап қолданылады. Боранбаев қылмысы экономикалық қылмыс деп танылды. Сыбайлас жемқорлық емес, қаңтар оқиғасына қатысы бар секілді ауыр зардаптары жоқ. Сондықтан ол келтірілген шығынды орнына келтірді. Менің білуімше, ол процестік келісім арқылы шыққан", - деді депутат.

Сонымен қатар, Мәжіліс депутаты әр өңірдің бір-бір Болат Назарбаевы болғанын мәлімдеді. Болат Назарбаев - экс-Президент Назарбаевтың туған інісі. Жақында Болат Назарбаев бақилық болды. Алайда БАҚ беттері мен қоғамда оның түрлі қылмыстық іске қатысы бары жиі айтылады.

"Президенттің өзі Жаңа Қазақстан деді. Яғни Ескі Қазақстан болды. Жаңа Қазақстан Әділетті Қазақстан болды. Ескі Қазақстанда әділетсіздіктер орын алды.

Біз бәріміз әдетте марқұм болып кеткен Болат Назарбаевты еске аламыз. Әрбір өңірде өзінің бір-бір Болат Назарбаевы болды. Сол өңірді ашса алақанына, жұмса жұдырығына ұстап, ойына келгенін істеген және оны сот арқылы заңдастырып алған. Біреудің бизнесін тартып алады, біреуді тапсырыспен соттатып жібереді, ондаған жылға түрмеге отырғызып жібереді", - деді заңгер Usbanov ARNASY-на берген сұхбатында.


Рекомендовать
Последние новости