Бішкектегі мектептердің біріне Тоқаевтың әкесінің есімі берілді

Қаракөз Амантай 13 мая 2025 11:11 336

Қырғызстан астанасы Бішкектегі №33 мектеп-гимназияға қазақтың көрнекті жазушысы, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесі Кемел Тоқаевтың есімі берілді. Бұл туралы KaktusMedia мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Президенттің баспасөз хатшысы Асхат Алагөзовтің мәлімдеуінше, бұл бастама Қырғыз Республикасы президенті Садыр Жапаровқа тиесілі.

“Жапаров бұл шешімді Қасым-Жомарт Кемелұлына Ресейге жасаған жұмыс сапары кезінде айтқан. Ұлы Отан соғысы жылдары Кемел Тоқаев қазіргі №33 мектеп орналасқан ғимаратта жұмыс істеген, Фрунзе жаяу әскер училищесінде білім алған. Дәл осы жерден майданға аттанған”, – делінген ресми хабарламада.

Айта кетейік, Кемел Тоқаев (1923 жылғы 2 қазан, Алматы облысы, Қаратал ауданы, Кәлпе ауылы – 1986 жылғы 6 қазан, Алматы) – қазақтың көрнекті кеңестік жазушысы, журналист, редактор, қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының негізін қалаушы. Ол – Ұлы Отан соғысының ардагері, Сталинград шайқасына қатысқан жауынгер. «Ерлігі үшін» медалі және басқа да әскери марапаттардың иегері.

Соғыстан кейін ҚазМУ-дің филология факультетін бітіріп, республикалық басылымдарда редактор, бас редактор қызметтерін атқарды. Атап айтқанда, «Қазақстан пионері», «Социалистік Қазақстан» газеттерінде, сондай-ақ 1960–1977 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің «Ведомостарының» бас редакторы болды.

Оның «Соңғы соққы», «Танымсыз із», «Солдат соғысқа кетті» сынды шығармалары қазақ детективі мен шытырман оқиғалы прозасының классикасына айналып, ұлттық әдебиеттің дамуына зор үлес қосты.

2025 жылғы 9 мамырда – Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында, Мәскеуде жазушының ұлы – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа әкесінің атына ресімделген марапат парағы табысталды. Құжатта Кемел Тоқаевқа Ұлы Отан соғысына қатысушы ретінде берілетін ең жоғары награда – Кеңес Одағының Батыры атағы көрсетілген.


Рекомендовать
Последние новости