Біртановқа қатысты қылмыстық іс қайта қаралады

Dalanews 11 мая 2022 03:55 936

Бұрынғы денсаулық министрі Елжан Біртанов пен оның орынбасары болған Олжас Әбішевке қатысты қылмыстық ісі елордадағы №2 Сарыарқа аудандық сотына қайтадан түсті, – деп хабарлайды Tengrinews.kz.

– Біртанов пен Әбішевке қатысты қылмыстық іс №2 Сарыарқа аудандық сотына қайта келіп түсті. Қылмыстық іс бойынша алдын ала тыңдау 11 мамыр күні өтеді, – деп хабарлады соттың баспасөз хатшысы Ботагөз Баянова.

Естеріңізге саламыз №2 Сарыарқа аудандық сотының судьясы Ибрагим Алькенов істе қылмыстық заңнама нормалары бұзылғанын айтып, істі қайта қарауға қайтарған еді.

Елжан Біртанов 2020 жылы 25 маусымда қызметінен алынған болатын. Ол кезде экс-министрдің коронавирусқа шалдыққаны белгілі болған еді. Ал 2020 жылдың қазан айында Біртановтың бюджет қаражатын талан-таражға салды деген күдікпен қамауға алынғаны есімізде. Ал қараша айында оның қорғаушысы экс-министрдің үйқамақта екенін айтқан-ды. Содан бері Біртановтың үйқамақтағы мерзімі бірінеше рет ұзартылған болатын.

2021 жылы 7 шілдеде Біртановқа тағылған «бюджет қаржысын жымқырды» деген айып, «қызмет бабын асыра пайдаланды» деген айыппен алмастырылған болатын. Бірақ Біртанов бұл айыпты да мойындаған жоқ.  


Қазіргі таңда Біртанов пен Әбішев Денсаулық сақтау министрлігін ақпараттандыру платформасын іске қосуда қызмет бабын асыра пайдаланған деген күдікпен тергелуде.

Рекомендовать
Последние новости