Беймәлім Баталов

Dalanews 27 апр. 2015 20:19 844

Еліміздегі іргелі аймақ Алматы облысын басқару үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Алып мегаполис Алматының құшағына алған Жетісу өңірінің мүмкіндіктері қаншалықты зор болса, қиындықтары да жетіп артылады. Түгін тартсаң майы шығатын Жерұйық мекенді көп жағдайда ауыл шаруашылығын дамытуға қолайлы аймақтардың қатарына жатқызып келдік. Бүгінгі дамыған заманда Жетісудың мүмкіндігі тек ауыл шаруашылығымен шектелмейді. Сұлу табиғатымен көз тартқан өңір туризм, көлік-логистика, жасыл энергетиканы дамытуға сұранып тұр. Бұл алдағы уақытта жеделдетіп қолға алынуы тиіс маңызды міндеттер екені даусыз. Осындай сан салалы бағыттардың тізгін-шылбырын тең ұстауды Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Амандық Баталовқа сеніп тапсырды.

 

Қарапайым әрі қағылез...

Баталов туралы ел арасында көп әңгіме бола бермейді. Себебі, жарнама жасауға құлқы жоқ. Бұл кісіні білетіндер әңгімелескенге ашық-жарқын, табиғатында дегдарлық пен тазалық бар, отбасында таза қазақы тәрбие алған адам деседі. Естуімізше, жастайынан іске шөгел, қағылез болған көрінеді. Осы екі мінезі оның билік баспалдағындағы «ақырын жүріп, анық басуына» септескенін айтады. Сондай-ақ, өмірлік тәжірибесінде ырду-дырдуға, жеңіл атаққа қызықпағанын да Баталовтың басты ерекшелігі дейтіндер көп.

 

Рекордшы...

Жалпы, республика жұртшылығы Амандық Баталовты жыға танымайды. Беймәлім Баталовтың қыры мен сырына қанық топ аз... Бірақ Жетісудың әрбір азаматынан Баталов жайында сыр суыртпақтасаң, шешіле сөйлей жөнеледі. Өйткені, ол ұзақ жылдар бойы Алматы облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарып, облыс жұртшылығына өз ісімен әбден танылған азамат. Жетісулықтар қателессе, бір жерден қателесуі мүмкін. Көпшілік Амандықты Алматы облысында кіндік қаны тамған, Елбасының көп інілерінің бірі шығар деп ойлауы мүмкін. Шындығында олай емес. Амандық Баталов бұрынғы Өзбек КСР-нің Нүкіс қаласының тумасы. Жамбыл гидромелиорация құрылыс институтын инженер-гидротехник мамандығы бойынша тамамдаған. Құрылыс саласының білгірі. Ол «Алматы өңдеу құрылыс» тресінде құрылыс-монтаж басқармасында аға прораб, бас инженер, бастық сынды жауапты қызметтерді абыроймен атқарып, іскерлік қабілетін әбден шыңдаған жан. Бұдан кейін Амандық Ғаббасұлы саяси басшылық қызметтерді ұршықша иіріп, көзге түскенін білеміз. Ол 2001-2008 жылдары әкімнің орынбасары болса, 2008-2014 жылдары әкімнің бірінші орынбасары қызметін атқарған. Бүгінде еліміздегі шенеуніктер армиясы арасынан 13 жыл бойы бір қызметте тапжылмай еңбек еткен адамды табу қиын. Оның үстіне барша шенеунік көз тіккен Алматы облысында бірінші орынбасарлық қызметте ұзақ отыру екінің бірінің маңдайына жазыла бермесі анық. Әрине, Амандық Ғаббасұлының ұзақ жылдар бойы облыс әкімдерінің оң қолы болуына оның іскерлік қабілеті септескені даусыз шындық. Облыс әкімінің бірінші орынбасарлығы саяси қызмет саналатындықтан, бұл қызметті қапысыз атқарған Амандық Ғаббасұлы ұзақ жылдар бойы саяси салмағын арттырып, Президент Назарбаевтың зор сеніміне ие болды. Сондықтан маңызды саяси қызметте ұзақ отырып, рекордтық көрсеткішке ие болған Әбекеңнің іс-тәжірибесін кез келген шенеунік қайталай алмайды.

 

«Қазақфильмді» салған...

2000 жылдың басында Алматы облысының орталығы Талдықорғанға көшірілді. Осы жауапты жұмысты атқаруда табандылығымен танылған Амандық Ғаббасұлы зор жетістіктерге жетіп, Президенттің сенімін ақтады. Осы уақыт аралығында талай жолдар жөнделініп, қаланың инфрақұрылымы дамығанына куә болдық. Осы жұмыстарға құрылысшы маман ретінде араласқан Әбекең әрбір құрылысқа өзінің қолтаңбасын қалдырды. Соңғы уақыттары Талдықорғанда келбеті мен сәулеті жарасқан бірнеше еңселі ғимараттар бой көтеріп, қала халқының көз қуанышына айналған. Біздің сөзімізге Талдықорғанның бойтұмарына айналған – Тіл сарайы, Достық үйі және Жастар спорт сарайының салынуы айқын дәлел бола алады.

Ол бір кездері құрылыс саласымен айналысқан кездерінде қазақ руханиятының алтын ұясына айналған Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясын салуға басшылық жасап, Алматының ажарын ашуға үлес қосқанын біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін. Сондықтан Амандық Ғаббасұлын өзіне тапсырылған істі тиянақты орындайтын басшылардың қатарына жатқызуға болады. Құрылыс саласының жай-жапсарын жетік білетін Амандық Ғаббасұлы алдағы уақытта Алматы облысының аумағында құрылысы қызу жүріп жатқан күре жолдарды қатаң бақылауға алып, мерзімінде аяқталуына ықпал етеріне сенеміз.

Әкімнің мамандығына назар аударған адам Алматы облысында шағын су электр стансаларын дамыту ісінің қайдан бастау алғанын бағамдар еді. Өзен суы сарқыраған Жетісудың еліміз бойынша «жасыл энергияны» дамытуда көшбасшы болатынына толық мүмкіндігі бар. Өйткені, Алматы облысында дәстүрлі емес қуат көздерін дамытатын аймақтар жетіп, артылады. Су, жел және күн көзінен электр қуатын алудың озық үлгісін қалыптастыруға сұранып тұр. Алматы облысындағы су энергетикасының әлеуетін ерте бастан бағамдаған Амандық Ғаббасұлы өңірде шағын СЭС-тер салып, облыстың қуат көзіне деген мұқтаждығын шешуге бел буып, білек сыбана кіріскенін білеміз. Енді облыстың тізгін-шылбырын толықтай өз қолына алған азаматтың ойын жүзеге асыруға ешкім кесе көлденең тұрмайды. Өйткені, әкім экономикалық бәсекелестік басты қағидаға айналған заманда өнеркәсіпті дамыту үшін энергия ресурстарының маңызы ерекше екенін жақсы біледі. Болашақта аймақтағы шағын СЭС өндіретін қуат көзін 117,4 МВт қуатқа жеткізу көзделгенінен біраз жайтты аңғарамыз. 2017 жылға дейін Алматы облысында 23 шағын СЭС, 6 жел электростанциясы мен 2 күн электростанциясын салу жоспарда бар. Келешекте Алматы облысының су ресурстарын тиімді пайдалану Амандық Ғаббасұлының қолындағы басты көзіріне айналатын күн де алыс емес. Гидротехника саласын жетік білетін әкім өткен жылы Балқаштың басты доноры Қаратал өзенінің теңізге жақын тұсындағы арнасының батпаққа айналған 14 шақырымдық жағалауын құрғатуға пәрмен беріп, бұл іс сәтті аяқталды. Осы ісі жұрттың көңіліне қуаныш ұялатты.
Алматы облысындағы су энергетикасының әлеуетін ерте бастан бағамдаған Амандық Ғаббасұлы өңірде шағын СЭС-тер салып, облыстың қуат көзіне деген мұқтаждығын шешуге бел буып, білек сыбана кіріскенін білеміз. Енді облыстың тізгін-шылбырын толықтай өз қолына алған азаматтың ойын жүзеге асыруға ешкім кесе көлденең тұрмайды. Өйткені, әкім экономикалық бәсекелестік басты қағидаға айналған заманда өнеркәсіпті дамыту үшін энергия ресурстарының маңызы ерекше екенін жақсы біледі.

Сын сағат

Ел басқарған азаматтар сын сағатта да халықтың мұң-мұқтажына құлақ асып, азаматтық танытуы маңызды. «Ер басына күн туса, етігімен су кешер, ат басына күн туса, ауыздықпен су ішер». Дана халқымыздан бүгінге жеткен қорғасын ой, салмақты сөз. Амандық Ғаббасұлы облыс әкімінің бірінші орынбасары болғанда дәл осындай ел басына күн туды. Ақсу ауданына қарасты Қызылағаш ауылының тұрғындарының басына түскен 2010 жылғы наурыздың 11-індегі қасірет облыс тарихындағы азалы күнге айналды. Оқиғаны қайталап айтып жатудың қажеті жоқ. Бірақ сол кезде БАҚ өкілдері Амандық Ғаббасұлын сын садағының астына алғанын ұмыта қойған жоқпыз. Тас түскен жеріне ауыр. Қиын кезеңде Әбекең журналистермен салғыласып жатпады. Аяғына резіңке етігін киіп, дүлей апаттың салдарын жою үшін күн-түн демей қарапайым адамдармен бірге еңбек етті. Сол кезде қайғыдан қан жұтқан ауыл тұрғындарының мұң-зарына құлақ асып, бәріне шыдамдылық танытты. Күтпеген апаттан ес жинау ауыл тұрғындарына оңай болған жоқ. Жылаған жүректі жұбатып, оларға баспана салып беру жауапкершілігі қатар жүктелген сәтте ел азаматтары нағыз ерлік танытса, солардың бел ортасында Амандық Ғаббасұлы жүрді. Кейіннен мамыражай күн туып, Қызылағаш ауылы қайта түледі. Ауылдағы Мәдениет үйінде өткен салтанатты шарада сөз алып, сахнаға көтерілген Қытайдан келген қандасымыз, қайғылы күнде Амандық Баталовтың азаматтығына бас игенін қоғам қайраткері, облыстың сыйлы ақсақалы Жақыпжан Нұрғожаев әңгімелеген еді. Сол кезде қандастарымыз Амандық Ғаббасұлы бес-алты адамды ағын судың арасынан алып шыққанын айтып, көпшілік атынан алғыс айтқан. Мұндай қадамға барғанын Амандық Ғаббасұлы ешқашан айтқан емес. Ерлік қарапайымдылықпен келетін қасиет. Әдетте, бейбіт күнде батыр көп. Ел басына күн туғанда, қараша жұрттың өмірі үшін су кешкен азаматты жұртшылық қалай сыйламасын, қалай құрметтемесін?! Қолайлы сәтте өздерін жарнамалауға даяр тұратын басшылар осыдан үлгі алса ғой. Осы бір оқиғадан Амандық Ғаббасұлының кішіпейілдігі мен өзіне тән қарапайымдылыған аңғаруға болады.
Қызылағаш ауылындағы Мәдениет үйінде өткен салтанатты шарада сөз алып, сахнаға көтерілген Қытайдан келген қандасымыз, қайғылы күнде Амандық Баталовтың азаматтығына бас игенін қоғам қайраткері, облыстың сыйлы ақсақалы Жақыпжан Нұрғожаев әңгімелеген еді. Сол кезде қандастарымыз Амандық Ғаббасұлы бес-алты адамды ағын судың арасынан алып шыққанын айтып, көпшілік атынан алғыс айтқан. Мұндай қадамға барғанын Амандық Ғаббасұлы ешқашан айтқан емес. Ерлік қарапайымдылықпен келетін қасиет.

Екі миллионға жуық халқы бар Алматы облысын тізгіндеп отырған  Амандық Ғаббасұлының алдағы уақытта атқаратын шаруасы да жетіп артылады. Облыс әкімі шекаралық аудандарға қатты назар аударуы керек деп есептейміз. Әсіресе, бұрынғы Үйгентас өңіріне. Мұндағы жұрт тоз-тозы шыққан ауылды тастап, қалаға көшіп жатыр. Мұны тоқтату үшін  жаңа экономикалық бағыт қажет. Бұл бағытта өңірдің қыр-сырын жетік білетін әкім тығырықтан шығатын жолды жақсы біледі деген үміттеміз.

Нұрлан ЖҰМАХАН.

Рекомендовать
Последние новости