БЕРІК ОТБАСЫ БҮГІННЕН ҚАЛЫПТАСАДЫ

Медина ТҰРСЫН 28 сент. 2024 13:01 2474

Ұлт үмітін ақтаған ел ертеңі жастарға дұрыс тәрбие, тура бағыт-бағдар беру мәселесі Алматы Орталықтандырылған кітіпхана жүйесіне қарасты №20 бөлімшесінің ұстанған басты бағыттарының бірі. Алаш жұртының аңсаған тәуелсіздігі мен бірлігі, ынтымағы мен тарихының мұрагері болатын жастарға арналған нәтижелі жобалар мен ауқымды іс-шараларды күн тәртібіне енгізіп, сол бағыттағы жұмыстарын жандандырып келеді. Жуырда ғана кітапхананың «Сенімен болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің Алматы филиалымен бірлесе ұйымдастырған «Отан отбасынан басталады» атты семинар-тренингі сөзімізге дәлел бола алады.

Евразиялық технологиялық колледжінің І курс студенттерінің қатысуымен өткен іс-шара кітапхана меңгерушісі Лаура Мәулітшәріпқызының кіріспе сөзімен ашылды. Жақында ғана аталып өткен «Отбасы күні» туралы ой қорытқан меңгеруші басқосудың басты мақсаты да ата-ананы сыйлау, қадірлеу, отбасылық өмірге дайын болу, соңғы кезде белең алып кеткен суицидтің алдын алу екендігін атап өтті. «Сенімен болашақ» РҚБ өкілі Меруерт Мәулетқызы оқу-біліммен қатар рухани-танымдық сауаттылықтың да керек екенін, ішкі рухың мықты болса қол жеткізер жеңіс көп боларын алға тартты. Ал психолог, коуч-тренер, «Тәжірибелі психология» РҚБ Алматы филиалының директоры, «Сенімен болашақ» РҚБ филиал эксперті Айгүл Исламбекқызы бүгінгі заманның болмысы мен келбетіне сай таным мен тәрбие жайлы түсінік берді. Жастарға ойлантатын сұрақтар қойып, еркін әңгімелесе отырып отбасы ұғымына талқылау жүргізді. Сонымен қатар тренинг өткізіп, сол арқылы жағымсыз ойлардан, қорқыныш, үрей секілді ахуалдардан арылуға және жағымды эмоциялық көңіл-күй тудыруға қажетті ақпараттарды берді. Әр оқушымен ерекше қарым-қатынас орнату арқылы психологиялық ішкі резерв мүмкіндіктерін күшейтіп, өзін-өзі бақылауды дамытуға үйрете білді. Қандай жағдай болмасын адамгершілік дағдыларды, адами қасиетті жаңғырта білу керек деген түйін жасады.

Осылайша еркін форматта өрбіген мазмұнды кездесуге қатысқан жастар ата-бабамыздан қалған ұлттық рухтан сусындап қайтты. Иә, шындығында да жас ұрпақтың бойына ұлттық өзекті дарыта білсек, әлемдегі дамыған елдердің қатарында тереземіз тең, еңсеміз биікте тұратыны хақ.

 

 


Рекомендовать
Последние новости