Бердымұхамедовтың Оңтүстік Корея президентіне сыйлаған алабайлары зообақтан бір-ақ шықты

Кәмшат Тілеухан 14 нояб. 2024 15:06 1380

Түрікменстанға сапары кезінде Оңтүстік Корея Президенті мен оның жұбайына сыйға тартылған алабайдың екі күшігі Квачон қаласының хайуанаттар бағына орналастырылды. Бұл туралы күні кеше The Korea Herald басылымы Президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады, деп жазады Dalanews.kz.

Happy және Joy есімді алабай күшіктері Сеулдегі президенттік резиденцияда шамамен 40 күн болған. Жеті айдан соң жондары күдірейіп, жүндері жылтырап шыға келген үлкен иттердің салмағы 40 келіден асып, бойлары 170 сантиметрді құрапты. Президенттің баспасөз қызметі қауіпсіздік мақсатында оларды "бөлек шығару" туралы шешім қабылдағанын хабарлайды.

"Қазіргі уақытта үй жануарларын жақсы көретін президенттік жұп өзінің ресми резиденциясында алты ит пен бес мысық ұстайды", делінген жаңалықтарда. Ал түрікмен алабайлары Сеулге жақын орналасқан Seoul Grand Park хайуанаттар бағына жеткізілген. 

Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёль әйелі Ким Кон-Химен бірге Түрікменстанға мемлекеттік сапармен биыл маусым айында болыпты. Міне, сол кезде олар екі күшікті құшақтай қайтыпты.

Ким Кон Хи мен Юн Сок Ель 2012 жылы 11 наурызда үйленді, ол кезде олар 40 және 52 жаста болатын. 

Айта кетсек, Оңтүстік Корея президенті әйелімен бірге Қазақстанға да 2024 жылы 12 маусымда келген болатын. Астанада гала-концерт басталар алдында ұлттық өнер туындалырының көрмесін тамашалаған кезде саяси жұп қазақтың тазысына үлкен қызығушылық танытқан еді.

Негізі, Қасым-Жомарт Тоқаев Франция президенті Эмманюэль Макронға тазы тұқымының күшіктерін сыйлаған болатын. Қазір бұл иттер Елисей сарайында тұрады.

 


Рекомендовать
Последние новости