Олжас Бектенов өткізу пункттерін жаңғырту жөніндегі Президент тапсырмаларының орындалу барысы туралы жиын өткізді, деп хабарлайды Dalanews.kz
Қаржы министрлігі мәліметінше, биылғы жоспарда Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы шекараларындағы (ҚХР, Өзбекстан Республикасы, Түрікменстан) 9 өткізу бекетін реконструкциялау жұмыстары тұр. Бүгінгі таңда олардың 4-еуінде, яғни Қапланбек, Атамекен, Қалжат және Алакөл бекеттерінде жұмыстар аяқталды. Бес нысанды жаңғырту жұмыстары жыл соңына дейін өз мәресіне жетпек.
"Жібек жолы" жолаушылар өткізу бекетін реконструкциялау жоспардан тыс жүргізіп жатыр, 2026 жылы бірінші жартыжылдықта аяқталады деп көзделіп отыр.
Баяндамаларды тыңдаған премьер-министр кеден қызметінің, сондай-ақ, Ресей Федерациясы мен Қырғызстан Республикасы шекараларындағы автомобиль өткізу бекеттерін жөндеу мерзімдері кешіктірілуіне байланысты салалық министрліктер жұмысын сынға алды.
Олжас Бектенов ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті мен ҚР Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағаларын жұмыстарын тиісті деңгейде ұйымдастырмағаны үшін жауапкершілікке тартуды тапсырды.
Сонымен қатар, министрліктердің жауапты басшылары жергілікті жерлерде жұмысты үйлестіру үшін өңірлерге жіберілді. Кеден қызметінің кадр құрамына, әсіресе, өткізу бекеттеріне қатысты талаптарды қатаңдату, сондай-ақ, жабдықпен жарақтандыру және интернет желісіне қолжетімділікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша міндеттер қойылды.
Көлік, қаржы министрлеріне өткізу пункттерін реконструкциялау барысы туралы премьер-министрге апта сайын есеп беру тапсырылды.