Алматыда 10 тамызда өтуі тиіс америкалық поп-жұлдыз Дженнифер Лопестің концерті күтпеген жерден қоғам тарапынан наразылық ұшырауда. Себебі шетелдік шоу қазақ мәдениеті мен руханиятының басты қайраткері Абай Құнанбаевтың туған күнімен сайма-сай келеді екен, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қоғам белсендісі Сәуле Әбілдаханқызы Facebook-тегі парақшасында депутаттарға қарата, жазба жариялады.
"Еділ Жаңбыршин, Қазыбек Иса, Ринат Зайытов сынды депуттарды "тегтеп", жазылған жазбада былай делінеді: Ел сенетін депутаттар деп өздеріңізге айтамыз: "Абайдың туған күнінде болатын Алматыдағы лгбтшы женишайтанның концертін тоқтатыңыздар!!! Анау ұйымдастырушы мәңгүрт сатқындардан халықтың көкейіндегі сауалдарға жауап, есеп алыңыздар!!!" (жазба өзгеріссіз, сол күйінде берілді – ред.)".
Бұл жазба желіде бірден резонанс тудырып, көптеген пікір жинады. Оның басым бөлігі "Ұлы атамыздың басын сыйламады" дегенге саяды. Соның бірінен тағы бір мысал:
"Еліміздің есерлері Дженифер Лопес Қазақстанды әлемге танытты, туризм дамитын болды деп жарыса жазуда. Егеменді елінің өткенінен алыс, халқының құнды деректерін білмейтін әңгүдік еркек те, әйел де қара есекке теріс мініп алып, әншіге кері пікір жазғандарға тіл тигізуде. Ағылшындар еліміздің қазба байлықтарын зерттегенін, Қаныш Сәтпаев. Лондон сапарында. Ұлыбританияның бұрынғы премьер - министрі Уинстон Черчилльмен кездескенде, Лондон мұражайындағы Қарсақпайдың мысын танығандығын біліп отырған Черчилль: “О О О! Қазақтардың барлығы Сіздей әдемі, биік пе?“ - деп сұрағанда, Қ. Сәтпаев: “Менің халқым менен әлдеқайда биік!”- деп жауап бергенін, Жезқазған мысы Лондон биржасында 999 деген номермен тіркелгенін, сол жалдамалы жазғыштар біле ме екен?! Байқоңырдың ғарышқа ұшар қақпа екенімен де шетелдіктер таныс. Әлем таныған Димаш тіліміз бен ұлттық дәстүрімізді ұлықтап, еш концертте тәнін жалаңаштаған жоқ. Ауыздарынан сілекейі ағып, Л. Лопесті мақтанышына айналдырып отырған қазақтар биыл ол әйелдің Египеттегі концертте әуелі купальникпен, сосын тек ұзын көйлекпен сахнаға шыққанын біле ме екен?! Египеттіктерді сыйлап көйлекпен ән айтып, біздікілерге @тін көрсеткеніне намыссыздар дән риза. Денесінің құлын мүшесі бұзылмаған деп тамсанады: қарындары мұрнына жетіп, артқы жағы қай жыныстікі екендігін білмейтін күйге өздері де, әйелдері де жеткеніне кім кінәлі?! Ұлттық құндылықтарды өз азаматтарымыз қадірлемейінше, еліміздің өркені өспейді. 180 - 250 мың теңгеге Лопестің ішкиім ішіндегі екі әріпін алыстан көргеніне шаттанып отырған қазақтар ҰЛЫ АБАЙ қорына не жетімдер үйіне 180 - 200 теңге аударды ма екен?! Қазақтарды АБАЙ - ЛЕРМОНТОВ - ГЕТЕ арқылы Европа халқы атам заманда таныған. Лопес дүниежүзілік турнесі арқылы қаржыны қалтасына салып, ешбір балалар үйіне қайырымдылық жасамастан, әрі қарай кетті. Өзге ұлттың ешқайсысы оны дәріптеген жоқ. Айтысып жатқан - қазақтар. Абай: “Қалың елім, қазағым, қайран жұртым, Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың. Жақсы менен жаманды айырмадың, Бірі - қан, бірі май боп екі ұртың” - деп, қалай дұрыс айтқан…", деп жазады аталған жазбаның пікірлер бөлігінде Svetlana Tulubekova.
Концертті ұйымдастырушылар, әзірге үнсіз. Шоудың билеттері еш кедергісіз сатылып жатыр, бастысы, кім не десе ол десін, Джей Лоның жанкүйерлері 10 тамызды асыға күтуде.
Айта кетсек, Дженнифер Лопестің сахналық костюмдері жайлы пікір білдірген Астана мәслихатының депутаты Сәуле Самидин қоғамның қызу талқысына түскен болатын.