Бектенов бірнеше әкімге шүйлікті

Сағыныш Сардарова 29 апр. 2025 12:55 1735

Премьер-министр Олжас Бектенов бірнеше әкімге шүйлікті,- деп хабарлайды Dalanews.kz.

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында "Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасының іске асырылу барысы қаралды.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова ұлттық жобада көзделген 655 нысанның ішінен бүгінде 467 медициналық мекеменің құрылысы аяқталғанын, 2025 жылы тағы 188 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысанында жұмыстарды аяқтау жоспарланғанын баяндады.

Премьер-министр Мемлекет басшысының бастамасы бойынша жүзеге асырылып жатқан Ұлттық жоба ауылдық елді мекендерде медициналық көмек көрсету сапасын жақсартуда шешуші маңызға ие екенін және 650-ден аса ауылдық жерде заманауи денсаулық сақтау нысандарын ашуды көздейтінін атап өтті.

"Жоба, біріншіден, ауылдық жердегі медициналық көмекті қолжетімді ету үшін бірқатар кешенді мәселені шешуге ықпал етеді. Яғни азаматтар өздерінің тұрғылықты жерінде шұғыл көмекке қол жеткізе алады. Екіншіден, заманауи құрал-жабдықтар есебінен медициналық қызметтердің сапасы жақсарады. Ұлттық жобаның негізгі мақсаты да - осы", - деді Олжас Бектенов.

Отырыста министрлер мен құрылыс қарқынында тәуекелдер бар бірқатар өңір әкімдері тыңдалды. Тиісті тапсырмалар берілді.

Бектеновтің сөзінше, бүгінгі таңда бес облыста құрылыс жұмыстары толығымен аяқталған: Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан облыстарында және Солтүстік Қазақстан облысында. Басқа өңірлерде ұлттық жобаны жүзеге асыруда белгілі бір мәселелер бар екен.

"Құрылыс қарқыны бойынша мәселеге ұшыраған өңірлер: Жетісу, Ұлытау, Жамбыл, Ақтөбе, Ақмола және Қарағанды. Алты нысанның жобалық құжаттамасы әлі әзірленбеген. Қарағанды, Қостанай, Ақмола, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы сегіз жобаға мемлекеттік сараптама жүргізілмеген. Облыс әкімдерінің жобалау және құрылыс процестері уақтылы жүргізілуін жеткіліксіз бақылауы жобаны іске асырудың кешігуіне әкеп соғады", - деді премьер-министр.


Рекомендовать
Последние новости