Bek Air. Екінші ұшқыш қалай қайтыс болды?

Dalanews 30 янв. 2020 05:12 828

Алматыда ұшақ апатынан аман қалған екінші ұшқыш қайтыс болды. 54 жастағы Мейіржан Молдақұлов үйінде жүргенде халі күрт нашарлаған екен. Содан жедел жәрдем шақыртқан. Алайда дәрігерлер оны құтқарып қала алмады, – хабарлайды КТК арнасы.

Ішкі істер министрлігі ұшқыштың қазасында ешқандай қылмыс белгілері жоқ деп мәлімдеді.

Мейіржан Молдақұлов басынан, жамбасы мен омыртқасынан ауыр жарақат алса да, аман қалған. Тіпті, бірнеше отадан соң оңалып, дәрігерлер ұшқышты үйіне жіберуге бірауыздан шешім қабылдаған.

Ауруханадан жазылып шыққан азаматтың арада апта өтпей жатып қайтыс болғанына енді дәрігерлер де таңданысын жасырмай отыр.

– Бірнеше дәрігерлердің кеңесінен кейін ғана ол амбулаториялық емге шығарылған болатын. Амбулаторлық емге шығаруға ол кісіде толық мүмкіндік болды. Енді қандай жағдайлардың әсер еткенін білмейміз. Жүрегінен нақты ақау байқаған жоқпыз. Жалпы, ол кісінің психологиясында кейбір нелер бар екенін байқаған болатынбыз. Оны біз айта алмаймыз, кіммен сөйлескені туралы телефонмен, кімге ренжігені туралы, бұны егер тексеретін болса, жағдай анықталатын шығар, – деді Алматы облыстық Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бастығы Тілеухан Әбілдаев.   


Ұшқыштың өзі жазылғанымен, жан жарасы қалғаны анық. Куәгерлердің айтынша, жедел жәрдем үйіне жеткенде жүрегі тоқтап қалған.

Болжам бойынша, марқұм өкпе тамырларының тормбоэмбалиясынан көз жұмған. Ұшқыштың аяқасты өліміне қатысты түрлі болжам тараған еді. Дегенмен Ішкі істер министрінің орынбасары марқұмның өлімінде «қылмыстың ізі жоқ» деп тоқ етерін айтты.

– Ұшқыштың өліміне әуе апатынан алған жарақаттарының немесе қандайда бір қылмыстық факторлардың қатысы жоқ. Мәселе – денсаулығында. Қалай болғанда да, сот-медициналық сараптама тағайындалды. Нақты себебін мамандардан еститін боламыз, – деді ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев.


Жалпы, «Бек Эйрге» қатысты дау бүгін тағы ушыға түсті. Апаттан соң арада бақандай бір ай өтсе де, зардап шегушілерге ешбір көмек көрсетілмепті. Одан қалды, ақшасы төленіп қойған билеттердің ақысын әлі күнге дейін қайтарылмаған.

– Зардап шегушілерге әлі күнге дейін өтемақы төленбеген. Азаматтар Bek Air өкілдері ауруханаға, тіпті жерлеуге де келмегенін айтып азаматтар шағымданып жатыр. Билеттердің ақысы төленбеген. Бас прокурорға осыған қатысты депутаттық сауал жолдаймын. Азаматтардың мәселесін компания дереу шешіп берсін, – деді Мәжіліс депутаты Азат Перуашев.


Перуашев тергеу ісінің де созылып кеткеніне наразы. Бұл сауалға қатысты да Ішкі істер министрлігінде жауап айтылды. Өз кезегінде Марат Қожаев «Ондай іс ешқашан тез бітпейді. Кәдімгі жол көлік оқиғасы да бір, екі, үш айға созылып кетеді. Оның себебін, арнайы сараптамалар анықтайды. Ал ұшақ құлағанда, сараптама қиындайды. Қазір сараптамалар жүргізіліп жатыр» деді.

Рекомендовать
Последние новости