Байлар базар өртейді

Dalanews 06 мая 2015 01:14 814

Күні кеше Алматыдағы «Адем» базары отқа оранды. Мыңдаған адам жұмысынан, қаржысынан, кәсібінен айырылды. Сайлау науқаны өзге жұртқа ұмыттырғанымен, шер көкірек көпшілік бұл сойқанды ұмыта алмайды...

kM1e8iVqMrtJPzfPIU5rFFtMСаудагерлерге өтемақы төленді ме?
Бұл байлардың ойыны. Кек алу. Бизнеске талас. Қыруар ақша. Әйтпесе, мұншалықты бірінен соң бірі өртенердей қазақ базарына не көрінді? Көз тиді ме? Шымкентте екі базар өртенген еді. Одан кейін өзге облыстарда да бірнеше базар отқа оранды. Ал Алматы... Айту қиын. «Барахолканы» жабамыз деп жүріп, барлық базарды өртеп болды.
Билік пе кінәлі? Солай болса, онда ақымақтық. Қалалық әкімшіліктің сценарийі болса, нағыз безбүйректік. Онсыз амал жоқ па еді? Қалалық әкімшіліктен күмәнданатын халық көп. Өйткені, осыған дейін бірде-бір базар өртеуші, немесе өрттің шығу себебіне кінәлі ұсталды дегенді естімедік. Тауары күлге айналған саудагерлерге қаржылық көмек, өтемақы берілді ме? Жоқ, естімедік. Біз хабарласқан, біз танитын саудагерлердің ешқайсысы өтемақы алмағандарын айтады. Алды 1000 000 (миллион) доллар, соңы 10 мың доллар қаржысының күлін уыстап қалды. Талай ана «баламды қалай асыраймын» деп зар жылады. Талай жастар «несиемді қайтіп төлеймін» деп өксіді. Уақыт өтті. Олар еш қайыр болмасын біліп, жай-жайына кетті. Кейбірі бұл тығырықтан шыға алмастан, қарыз арқалап жүр...

базарБазар басшылары не істейді?
Алматыдағы базарлар бірінен соң бірі өртелді. Мыңдаған адам бірінен соң бірі күйреді. Базар қожайындарын ары қойыңыз, қарапайым саудагерлердің маңдай терін лаулаған отқа айналдыру қай елде бар екен?
Бір базар өртенсе, дұрыс, байқаусызда өртенді дер едік. Екі базар өртенсе, техникалық ақау, базардың сапасыз құрылысы, анау-мынау деуге болады. Үш базар... Ықтималдыққа салсаңыз да, мүлдем көңілге қонымсыз фактілер алдыңыздан шығады. Базар басшылары толайым табыстан қағылды делік, бірақ олар келесі бір жерден базар сала алады. Немесе, аяғын шалған, базарын өртегендерден кек алуды көксейді...

«Барахолка» неге өртелді?
Қалалық әкімшілік жөндеу жұмыстарын жүргізгісі келді. Қара базарды азайтуды ұйғарды. Халықтың денсаулығын күйттеді. Сол ғана ма? Ал оның орнына заманауи базар салды ма? Егер әкімшіліктегілер заманауи базар салып, соған базар басшыларын мәжбүрлеп, содан кейін саудагерлерге мына базарға көшіңдер десе, бүгінгідей шу-шұрқан болмас еді.
«Өжет», «Кенжехан», «Арлан» секілді қаптаған базарлар салынды. Солар «Барахолкадан» артық па? Қай жағынан? Жоқ, керісінше, бұрынғы қара базар шашырап, қаланың әр түкпірінен бой көтеріп жатыр. Бірін өртеп, екіншісін салдық. Не ұттық?.. Ештеңе. Алматыдағы базар өртеу дәстүрі мұнымен тоқтарына шүбәліміз.

Ал «Адем» ше?..
Алматы қаласы әкімшілігіндегілер екі жыл бұрын «Барахолканы» сүру кезінде жабайы базарлардың орнына «Адем» секілді заманауи базар тұрғызамыз деді. Сол сөз осы күнге дейін айтылып келді. Бұнда әлде бір астар бар ма? Байлардың, базар иелерінің бір-біріне кек қайтаруы емес пе? Бізде осы күдік басым. Мүмкін, «Барахолкадағы» базарлардың иелері өз базарларының өртенуіне «Адемнің» қожасын кінәлі деп білер?..
Байлар базар өртейді. Өздерінің мүддесі, саудадағы бәсекелестерін құрту үшін. Сонда қара халық, шағын кәсіпкерлікпен айналысып жүрген мыңдаған адам қалай күнелтеді? Олар енді не істейді? Еліміздегі шағын және орта бизнес мұндай жағдайдан кейін қалай дамиды? Түсініксіз...

Ахмет Сағындық


Рекомендовать
Последние новости