Байбектің үстінен сотқа арыз түскен

Көркем Алдабергенова 13 авг. 2024 15:05 4575

Алматының экс-әкімі Бауыржан Байбектің үстінен сотқа арыз түскен. Бұл туралы заңгер, «STOP застройке» қозғалысының мүшесі  Мұрат Қасенов айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қасеновтің сөзінше, ол арызды 2021 жылы жазған.

«Департамент қарастырамыз дегендей болды. Себебі олар қадағалаушы органсыз қарастыра алмайды ғой. Ал Алматының прокуратурасы қарастырудан бас тартты. Сондықтан Байбекке қатысты арызымды қайтадан дайындаймын. Себебі 2016 жылы салынған жобаларға қатысты айтарлықтай заң бұзушылықтар бар. Сондықтан ол үшін жауап болуы керек. Адамды жұмыстан қуып құтыла салмау керек, жауапкершілік болуы қажет. Жалпы қай әкімнің болмасын жұмысына кешенді тексеріс жүргізу дұрыс деп есептеймін. Барлық параметр бойынша тексеру керек, бәрі дұрыс болса ары көтеріле береді. Егер қылмыстық жауапқа тартатындай болса қылмыстық іс қозғау керек. Сол кезде тәртіп болуы мүмккін. Ал былайша әр әкім келіп, білгенін істеп, ол кетсе де ары қарай жалғаса береді. Салдарын қарапайым халық көреді», - дейді Қасенов «Елмедиаға».

Еске салайық, бұған дейін бірқатар лауазымды қызмет атқарған мемлекет қайраткері, Шымкенттің экс-әкімі Амалбек Тшан Алматының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбек мемлекет қаржысын қалай жұмсағанын айтып берген болатын. 

«Әуежайға баратын жер бар. Сол жолда бағдаршам тұратын. Оның бәрін реконструкция жасап, айналмалы жолға айналдырды. Қазір ойлаймын, сонда Алматыдағы басқа шаруаның бәрі бітіп қалды ма? Айналаға айналмалы жол жасау керек пе? Ал айналмалы жол деген бәленбай миллиард тұрады. Бағдаршамда адамдар, көп болса, 1-2 минут қана тұрады», - дейді Амалбек Тшан «Демкоратиялы Қазақстан» YouTube-арнасына берген сұхбатында.

Сонымен қатар, Амалбек Тшан тағы бір экс-әкім – Бақытжан Сағынтаев мемлекет қаржысын қайда жұмсағанын айтты.

«Ол құр қала ма ана әкімнен? Ана әкім 4-5 жылдың ішінде миллиардер болып кетті. Сағынтаев та келе салды да әуежайға баратын жолда айналмалы жол жасады. Сонда қаланың барлық ісі, мектептер, балабақша, одан басқа мыңдаған жұмыс бар шешілмей жатқан. Адамдар босқа шырылдап жүрген жоқ қой. Үкімет неге қадағаламайды?», - дейді Амалбек Тшан.  

Айта кетейік, Бауыржан Байбек Алматыны 2015-2019 жылдары аралығында басқарған болатын. Кейіннен қаланы үш жыл бойы Бақытжан Сағынтаев басқарды.

Бұған дейін Амалбек Тшан Алматы әкімі болған Байбек, Есімовтердің жемқорлыққа қатысы бар екенін айтты.

"Қатысы болмаса, қашып жүре ме? Алматыда қызмет істеген әкімдердің қай-қайсы болмасын, оларды тексере келсеңіз бәрі де шығады.

Байбек таза болса, неге қашып жүр?! Есімов те солай. Мынау кімдікі десең, жұрттың бәрі "Есімовтікі" дейді. Мынау кімдікі десең, "Байбектікі" дейді.

Олардың кім екеніне халықтың өзі бағасын беріп жатыр. Көпшілік қалт айтпайды деп дұрыс айтады", - дейді ол.

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек те Алматыда жерді заңсыз берген белгілі шенеуніктердің есімін атаған болатын.

Оның ішінде, - Ахметжан Есімов, Иманғали Тасмағамбетов, Бауыржан Байбек бар. 

«Тіпті мен өзім заңгер ретінде Байбек әкім болған кезінде үш қаулысын заңсыз деп тану туралы сотқа талап-арыз беріп, соның екі қаулысын соттың шешімі бойынша бұздыртқанмын. Мәселен, бәрімізге белгілі "Рахат" базарының үлкен жерін "ТКМ" ЖШС құқығын шектеп, "Алматы СПС" фирмасына беріп жіберген. Ал "Алматы СПС" артында сол Ескі Қазақстанның өкілдері тұр.

Яғни Бауыржан Байбектің жақын туыстарының атына рәсімделген ТОО-лар. Сөйтіп біз оларды сотқа беріп, 3 жыл соттастық.

2022 жылы Алматы қалалық сотының шешімімен "Алматы СПС" фирмасына берілген жер заңсыз екені айтылып, тиісті соттың шешімі шықты. Басқа мемлекеттерде бұл қаулыны алып, прокуратураға жібереді. Прокуратурада қылмыстық іс қозғауға болатын еді", - дейді Бақытжан Базарбек Adal Adam YouTube арнасына берген сұхбатында.


Рекомендовать
Последние новости