Байбек кланы Қоспаевтың қылмыстық тобының схемаларына белсенді қатысқан

Көркем Алдабергенова 12 мая 2025 09:35 824

Алматының экс-әкімі Бауыржан Байбектің отбасы ұйымдасқан қылмыстық топ (ҰҚТ) жетекшісі Елдос Қоспаевтың заңсыз схемаларына белсенді түрде қатысқан, деп хабарлайды Dalanews.kz Қазтаг агенттігіне сілтеме жасап. 

«Қоспаев Е. және оның ұйымдасқан тобының мүшелері 2019 жылдың 8 сәуірі мен 2020 жылдың 23 желтоқсаны аралығында “AV-Construction” ЖШС-нің мүлкін иемденіп, сеніп тапсырылған жылжымайтын мүлік нысандарын үшінші тұлғаларға өзіндік құнынан төмен бағамен сату арқылы кәсіпорын мен оның заңды меншік иелеріне залал келтірген. Атап айтқанда, Д. Әбіжанов, Т. Танашев және Р. Бабаев Қоспаев Е. және өзге тұлғалармен келісіп, пайдалануға берілген және құрылысы жүріп жатқан нысандарды Алматы қаласының сол кездегі әкімі Байбектің әкесі — Қыдырғали Байбектің пайдасына төмен бағамен сатуға шешім қабылдаған», — делінген Қоспаев ҰҚТ-сына қатысты сот үкімінде (құжат көшірмесі КазТАГ агенттігінің қолында бар).

Әрі қарай Әбіжанов, Танашев және Бабаев Қоспаевпен және Байбектің әкесінің мүддесін көздеген өзге тұлғамен келісіп, үш жылжымайтын мүлік нысанының бағасын анықтаған. Бұл нысандар Байбектің туысы — Қыдырғали Байбекке нарықтан әлдеқайда төмен бағамен, яғни бір шаршы метріне 230 мыңнан 425 мың теңгеге дейінгі бағада сатылған.

2019 жылдың 8 сәуірінде Қоспаев Е. Алматы қаласы, Оспанов көшесі 22а мекенжайында орналасқан “AV-Construction” ЖШС кеңсесінде, сондай-ақ сол жылдың қаңтарынан бастап Әл-Фараби даңғылы, 128/4 (қазіргі Қаппаров көшесі, 74-үй) мекенжайында Бабаев Р.-ға Қаппаров көшесі, 116/9 мекенжайындағы №14 пәтерді Қыдырғали Байбекке өзіндік құнынан төмен бағада — 43 586 000 теңгеге сату туралы тапсырма берген. Бабаев, Қоспаевтың қылмыстық тапсырмасын орындап, сол күні пәтер үшін төлем қабылданған соң, “AV-Construction” ЖШС атынан №116/9-14 келісімшартын жасап, ауданы 114,7 шаршы метр болатын пәтерді сатуға қол қойған.

2020 жылдың 23 желтоқсанында Қоспаев Е. “AV-Construction” кеңсесінде тағы да Бабаевқа Қаппаров көшесі, 116/24 мекенжайында орналасқан екі коммерциялық нысанды Байбектің әкесіне өзіндік құнынан төмен бағада — 50 206 027 және 40 464 621 теңгеге сату туралы нұсқау берген. Сол күні, төлем жасалғаннан кейін, Бабаев Қыдырғали Байбектің мүддесі үшін әрекет етіп, “AV-Construction” ЖШС атынан екі келісімшартқа қол қойған.


Рекомендовать
Последние новости