Шымкентте идеологиялық тұрғыдан ескірген 236 көшенің атауы өзгереді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
“Қалада атаусыз қалған 32 көше мен идеологиялық тұрғыдан ескірген 236 көше атауы бар. Бұл атаулар қоғамдық пікір ескеріле отырып, кезең-кезеңімен өзгереді”, – делінген хабарламада.
Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы мен аудан әкімдіктері бірлесіп жүргізген түгендеу жұмыстары нәтижесінде Шымкент қаласында ресми тіркелген 3545 көше анықталған. Олардың ішінде 2444 көше тарихи-географиялық және дәстүрлі атауға ие, ал 1069 көше белгілі тұлғалардың есімімен аталған.
Алайда жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, қалада жалпы саны 6714 көше бар.
2024 жылы 185 көшеге атау беру және қайта атау ұсынылған. Оның ішінде 12 көше атауын өзгертуге қоғамдық келісім алынған. Сондай-ақ Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай 20 белгілі тұлғаның есімі көшелерге берілмек, олардың 10-ы қоғам тарапынан қолдау тапқан.
"Биыл қала көшелеріне 35 753 атау тақтайшасын орнату жоспарланып отыр. Себебі бұрынғы тақтайшалардың көпшілігінде үй нөмірлері көрсетілмеген немесе мүлде жарамсыз күйде", – делінген хабарламада.
Сонымен қатар мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту мақсатында 2029 жылға дейін қазақ тілін меңгерген халықтың үлесі 93,5 пайызға жетеді деп жоспарланған. Қазіргі уақытта бұл көрсеткіш 98 пайызға жетіп отыр.
"Оған қоса, тіл туралы заңнаманың орындалуын бақылау мақсатында мониторингтер мен рейдтер өткізіліп жатыр. Кәсіпкерлік нысандардың 16 180-ы тексеріліп, 2 380 нысан иесіне заң бұзушылықтарды түзету жөнінде ұсыныстар берілді. Қазіргі уақытта олардың 120-сы заң талаптарына сай түзетілді, қалғандары бойынша жұмыстар жалғасып жатыр", – деп толықтырды әкімдік.