Баян Мақсатқызы 31 арнаның “Айта берсін” бағдарламасына сұхбат берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпараттық агенттігі.
– Иә, мен бұл фильмнен көп ақша тапқым келеді, сондықтан да маған пиар керек, – деп күлген Баян қалжыңдап жатқанын айтты. – Егер мен расында тек ақшаны ойлайтын болсам, жылына 2 кинокартинадан түсіретін едім. Тіпті, 3-4 түсіруге де болады. Бірақ біз үлкен экранға 5 жыл бойы дайындалдық. Соңғы рет “Осторожно, корова” фильмін ұсындық. Содан бері маған ешқандай шабыт келмеді, идея болмады. Нарыққа тек ақша табу үшін келгім келмеді. Бұл картинаға барымды салдым, – дейді Мақсатқызы.
Аталған кинокартинада Баян Мақсатқызының күйеуі Тұрсынғали Алагөзов, КешYou тобының экс-әншісі Кәмшат Жолдыбаева, қазіргі әншісі Элизат Берікова, “Алау” тобының солистері бой көрсеткен. Продюсер фильмге тамыр-таныстарды ғана түсіруінің себебін түсіндірді.
– Кез келген рөлді алып шыға алатын Элизат барда, басқа қызды іздеп қайтемін? Жасыратыны жоқ Элизаттың да, “Алау” тобы жігіттерінің орнына да кастинг болған жоқ. Себебі мен оларға сендім. Олар артистер, камерадан, сахнадан, көрерменнен қорықпайды. Мен үнемі тек өз балаларымды таңдаймын. Мен Американы ашып жатқан жоқпын. Біріншіден, бұл жерде арзан шығады деген сөз емес, ол менің өз жобаларыма құйған инвестициям. Менің барлық әртістерім тек фильм арқылы нағыз жұлдызға айналған. Өз ақшамды өз әртістеріме құятындай мүмкіндік тұрғанда, басқа адамды шақырып, оған ақша төлеудің не қажеті бар? Бұл қалыпты нәрсе, – деп түсіндірді Мақсатқызы.