"Батька бүлдірді". Лукашенко өз елін сатып кетуге шақ тұр – саясаттанушы

Dalanews 17 авг. 2020 11:03 957

Саясаттанушы Досым Сәтпаев Беларусьтегі ахуалға қатысты ойын ортаға салды деп хабарлайды Dalanews.kz.




Оның пікірінше билікке сүлікше жабысқан Лукашенко ел алдындағы абыройынан жұрдай болды. Оның ендігіде билікте қанша мерзімге аялдары маңызды емес. Беларусь диктаторынан арқасүйер дәстүрлі электораты да теріс айналған.

"Оның бар мұраты билікті сақтап қалу. Билік үшін Беларусьтің тәуелсіздігін тәрк етіп, оны Кремльдің қолына табыстаудан тайынбайды. Билік үшін елдің егемендігін саудалап, Путиннің қолбаласы болуға әзір. Бұл мемлекетке жасалған сатқындық. Отанына опасыздық жасау.

Лукашенкоға қазірдің өзінде Ресейдің тісқаққан саяситехнологтары болысып, өз елінде жападан-қалғыз "көсемді" құтқарып қалуға тырысуда. Оның саусақпен санап аларлық жақтастарын көбейтіп көрсетіп, көшбасшының кейпіне ендіруде.

Минскідегі билікшіл митинг билікке қарсы мыңдаған адам алаңға шыққан ереуілдің жанында үні шықпай, жетімсіреп қалды. Лукашенконың төңірегіне топтасқандарды көбейтіп көрсеткісі келгендердің әуселесінен түк шықпады", – дейді Сәтпаев.

Оның пікірінше Лукашенко шектен шығып кетті. Кремльге жалтақтап, Путиннен көмек сұрауы шарасыздықтың белгісі. 


"Шыны керек Кремльдің Лукашенконы суқаны сүймейді. Дегенмен дәл қазіргі уақта Ресеймен ортақ одақ құруды көксеп жүрген Батьканы қолдаудан өзге амалы жоқ.

Мәселе, Кремль ол үшін басын бәйгеге тігіп, тағы бір славян елімен кикілжіңге түсуге әзір ме? Әрбірден соң Ресейдің өзі іштен-сырттан жау іздейтін Путиннен қажып кетті. Күні-түні АҚШ пен Батысты, Украинаны балағаттаудан шаршамайтын зомби-жәшіктегі үгіт-нәсихатқа тойды. Пандемия халықтың қажыған көңіл-күйін одан сайын жүдете түсті", – дейді Сәтпаев.

Оның пайымдауымша Кремль Беларусьтің ішке ісіне араласпай тұра, он ойланып, жүз толғанғаны жөн. Көрші елдегі кикілжіңге қойып кеткенді хош көріп отырған Мәскеудің өз ішінде ертеңгі күні беларусь халқын қолдаған митингілер бұрт етуі ғажап емес.

"Хабаровскідегі ереуілдер соған дәлел. Ресейліктер "Лукаш наш" деп ұрандатқан Путиннің төңірегіне топтаспайды. "Крым наштың" қадірі кеткелі қашан. Бұл лозунг ресейліктердің көз алдында өз құндылығын жойған. Путиннің құлдыраған рейтингі осыны көрсетеді", – дейді саясаттанушы.

Рекомендовать
Последние новости