Батыс санкцияларынан кейін “Лукойл” шетелдегі активтерін сатпақ

Қаракөз Амантай 28 окт. 2025 09:46

Ресейдің "Лукойл" мұнай компаниясы АҚШ пен Ұлыбритания енгізген жаңа санкцияларға жауап ретінде шетелдегі активтерін сатуға ниетті екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Компанияның мәліметінше, активтерді сату АҚШ Қаржы министрлігінің Шетелдік активтерді бақылау басқармасы (OFAC) берген лицензия аясында жүргізіліп жатыр. Бұл лицензия “Лукойлға” қолданыстағы келісімдерді аяқтауға мүмкіндік береді. Қазір компания әлеуетті сатып алушылардан ұсыныстар қабылдап, қажет болған жағдайда шетелдік бөлімшелердің жұмысын тұрақты ұстау үшін рұқсат мерзімін ұзартуға өтініш бермек.

Бұған дейін АҚШ пен Ұлыбритания “Лукойл” мен “Роснефть” компанияларын санкциялық тізімге енгізіп, серіктестеріне 21 қарашаға дейін барлық операцияны аяқтауға уақыт берген еді.

“Лукойл” бүгінде 11 елде барлау және өндіру жобаларына қатысады. Солардың қатарында Қазақстан да бар: компанияның үлесі “Теңізшевройл” консорциумында – 5%, Каспий құбыр консорциумында (КТК) – 12,5%, ал “Қаламқас-Хазар” жобасында – 50%.

Айта кетсек, OFAC ТШО мен КТК жобаларына қатысты операцияларды жеке лицензиямен санкция әсерінен босатқан.


Рекомендовать
Последние новости