Батыс Қазақстан облысын дамыту: Мәулен Әшімбаевтың жұмыс сапары

Ақтоты Жапатова 31 мар. 2025 10:37 295

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев жұмыс сапарымен Батыс Қазақстан облысына келіп, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарымен, Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдерімен, өңір жұртшылығымен және жастармен кездесті, деп хабарлайды Dalanews.kz

Күн тәртібінде – Мемлекет басшысының Ұлттық Құрылтайдың IV отырысында айтылған тапсырмаларын іске асыру, Сенаттың өңірлерді дамытуға жәрдемдесуін одан әрі күшейту жолдары, сондай-ақ негізгі бағыттар бойынша Палатаның мәслихаттармен өзара іс-қимылды нығайту мәселелері болды.

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық Құрылтайдың IV отырысында Қазақстанның дамуының өзекті мәселелеріне кеңінен тоқталды. Өңірлердің экономикасын дамыту негізгі бағыттардың бірі ретінде белгіленді. Құрылтайда ішкі саясат, идеология, білім беру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Барлық айтылған бастамалар әділетті, қауіпсіз, таза және мықты Қазақстан құру идеясын іске асыруға бағытталған. Біз осы және басқа да міндеттерді іске асыру үшін жүйелі және тиімді жұмыс істеуіміз керек", - деді Мәулен Әшімбаев.

Сапар барысында Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың өмір сүру сапасын арттыруды басты басымдықтардың бірі ретінде белгілеп, сондай-ақ өңірлерді дамыту бойынша нақты міндеттер қойғанын атап өтті. Батыс Қазақстан облысында оларды іске асыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

"Соңғы екі жылда өңір экономикасына 1,2 трлн теңге инвестиция тартылды және 2025 жылы бұл көрсеткішті одан әрі арттыру жоспарлануда. Атап айтқанда, 104 млрд теңгеге 21 инвестициялық жоба іске қосылды. Ағымдағы жылы да бірқатар стратегиялық маңызды объектілердің, соның ішінде қоқысты қайта өңдеу кешенінің, күн электр станциясының, жылыжай шаруашылығының, метанол өндіретін газ - химия кешенінің және ұнтақ жабындарын шығаратын зауыттың құрылысы іске қосылады деп күтілуде", - деді Нариман Төреғалиев.

Тұрғын үй құрылысы аясында 2025 жылы облыста 580 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі.

Әлеуметтік нысандарды салу жұмыстары белсенді түрде жалғасуда. Соңғы екі жылда өңірде 20-дан астам мектеп, 38 медициналық мекеме, 6 мәдениет нысаны және 8 спорт кешені пайдалануға берілді. Жол инфрақұрылымын жөндеу жұмыстары жалғасуда-осы кезеңде 1000 шақырымнан астам автожол жаңартылып,  елді мекендердің көліктік қолжетімділігін айтарлықтай жақсарды.

2025 жылы облыста 7 жаңа мектептің құрылысы жүргізілуде, ал ағымдағы жылы тағы 10 білім беру мекемесінің құрылысы басталады. Барлық 12 аудан орталығы спорт кешендерімен қамтамасыз етілген, ал ауылдық елді мекендерде 12 қосымша спорт нысандарының құрылысы жоспарлануда. Сондай-ақ, биыл 14 медициналық мекеме салынып, Орал қаласының барлық театрларына күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланған.

Энергетикалық және тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға ерекше көңіл бөлінеді. Орал қаласында жаңа электр қосалқы станциялары салынуда, жылу желілері мен кәріз сорғы станциялары жаңғыртылуда.

Мемлекет басшысының ауылдық жерлерде өмір сүру сапасын арттыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру шеңберінде өткен жылдан бастап облыста "Қаладан ауылға" пилоттық бағдарламасы жұмыс істейді. Ол ауылдық елді мекендерді қолдауға және өмір сүруге қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Бағдарлама аясында 104 отбасы қоныс аударды, ал 2025 жылы бағдарламаға қатысушылар үшін тұрғын үй сатып алуға 1,4 млрд теңге бөлінді.

Сапар барысында Мәулен Әшімбаев өңірдің бірқатар өнеркәсіптік кәсіпорындары мен әлеуметтік нысандарын, оның ішінде "Packaging Systems" ЖШС мен "Квант" ЖШС аралап, өндірістік жұмыс барысымен танысып, еңбек ұжымдарымен кездесу өткізді. Онда өңір тұрғындарын толғандыратын өзекті мәселелерді, сондай-ақ өндірістерді одан әрі кеңейту және инвестициялар тарту перспективаларын талқылады.

Сондай-ақ ол «Ақжайық» мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалту және абилитациялау орталығына барды. Жақында ғана ашылған бұл орталық 150 орынға есептелген. Мұнда азаматтарға роботтандырылған кешендермен жабдықталған емдік дене шынықтыру кабинеті қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, параспортшыларға арналған бочча залы, бассейн және арнайы оңалту кабинеттері бар оқу корпусы жұмыс істейді.

Сонымен қатар, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Дерқөл кентінде болып, көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтар үшін салынған жаңа тұрғын үйлерді аралады.


Рекомендовать
Последние новости