Батырдың ұрпағы қайда жүр?

Dalanews 08 февр. 2016 06:15 1621

Қазақтың батыр да ер жүрек халық екенін біз де, өзгелер де біледі. Оған  ІІ Екатеринаның «Қазақтар өздерінің кім екенін білсе, әлемді жаулап алады» деген сөзі куә. Өзгелерді мойындатқан, әрине қазақтың батыр бабаларына қашанда бас иеміз. Кейде батырларымызға риза болып, дәрежесін ханмен теңестіріп, тіпті ханнан да артық қойып жатамыз. Батыр деген – ұлтты барлық қауіп-қатерден құтқарушы, елдің тірегі. Қазір де шешім таппаған ұлттық мәселелеріміз өте көп. Бірақ сын сағаттарда батыр мен «батырдың» ұрпақтарын таба алмай жатамыз. Ханнан да қастерлі батырларымыз болды дейік, ал сонда олардың ұрпақтары қазір қайда? Не істеп жүр? «Түгенбай батырдың ұрпағымын» деп, ауызбен көпіргеннен басқа ұлт үшін не істей алады?

Баласының тірлігіне қарап, бабасының кім екенін білуге болады. Кезінде Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан «Хан баласында қазақтың қақысы бар, тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын» деп ұлт үшін күресіп, өмірін арнаған еді. Әлихан Бөкейхан сияқты ханның ұрпағы болмаса да, батырдың ұрпағымыз деп жүргендер неге ұлттық майданда бой көрсетпейді? Демек, олардың атасының батырлығына күмән келтіруге негіз бар.

Ұлттық деңгейдегі ортақ тұлға болған батырларымыз аз емес, бірақ соңғы кездері ауыл айналасындағы жортуыршылық пен қарақшылықты кәсіп еткендерді де батырға жатқызып жүргендейміз.  Ауыз жүзіндегі батырлар мен белгілі бір кезеңдегі әдеби кейіпкерді жақыннан іздеген сауатсыздықтың кесірінен 5 қытайдың, 3 моңғолдың, екі орыстың басын алғандарды да батыр атандырып жібердік. Ал жасанды батырлар туралы тарих бетінде оң баға болмаса да, біз өз танымымыз бен сенімімізді тарихтан асырып жіберіп жатырмыз. Енді келіп қарасаңыз, қолдан жасалған батырдың баласы өз атасының батырлығына сай әрекеттер жасауда. «Батырға» сай жершілдік пен рушылдықтың көшін бастаушы, ұлтты біріктірушілік емес, бөлшектеушіліктің құралдарына айналып бара жатыр. Болмаса, кеше ауыл-ауылды шауып, өз қазағына қырғидай тиген қарақшы, банды атасының жолымен «бандит» болып жүр.  Күштіге басын иіп, әлсізге күш көрсетіп, базар жағалап, біреудің бір дөңгелек нанының жартысын тартып жеген жігітсымақтарымыз қаншама?!

Біз, енді жоқтан батыр жасағанша, кешегі «біздің елдің жігіттері» деп сүйсіндірген  90-жылдардағы қазақ даласы мен қаласын бір тазалап кеткен азаматтарымызды батыр деп тануымыз керек. Тағы да, біз оларды батыр деп шықсақ, жалған батырлардың ұрпағы оларды «қылмыс әлемінің адамдары» деп өркениеттің жаршысы бола шығады. Иә, олар қазақ даласы мен баласына пана болу үшін қылмыс әлеміне барды. Олардың ол жолды таңдауы заман талабы болды, оларға басқа жол да жоқ еді. «Қылмыс әлемінің серкелері» аталса да, қазақтың ұлт-азаттық жолындағы күрескерлерінің бір түрі ретінде олар да өз бағасын алады. Оның алдындағы жалған батырлар да өз орнын табады.

Мен бұл сөздеріммен қазақтың батырларына шек келтіріп отырған жоқпын, болмаса белгілі біреулерді негізге алып отырған да жоқпын. Біз осы күнге қазақтың ер жүрек батырларының арқасында жеткеніміз де баршаға мәлім. Бірақ, қазір сайда саны, құмда ізі жоқ батырлар пайда болып, нағыз батырлар ұмытылып жатыр. Өткеннің «батырын» айтпағанда, қазір де біреуді қолдан батыр жасай саламыз. Ұрандатып тұлға жасаймыз.  ұлтқа ортақ тақырыпқа көшудің орнына, ру-ру болып бөлінуге ілік іздейміз. Бұның бәрі ұлттың арынан, рудың қамын алға қойғандықтан болса керек.

«Бас басына би болған, өңкей қиқым» дегендей, бас басымызға «батыр» болып, қазақты қырық жамауға айналдырмай, ханның, қараның, батырдың ұрпағы болсақ та, бір қазақ деген ұранды ту етіп, ұлттың ұйтқысы болайықшы.

Ал, батырлардың ұрпақтарына айтарым, атаңның нағыз батыр екені рас болса, бар әрекетің батырға сай болсын, атаңның атына күмән келтірер ұрпақ болма! «Әр қазақ – батыр» деген атқа лайық болайық. Қашанда нағыз батырларымызбен мақтанайық!

Тұрдыбек Құрметхан

 

Рекомендовать
Последние новости