Бастық отырса біз де отырамыз, рұқсатсыз кетуге болмайды

Dalanews 20 сент. 2016 09:08 848

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтің назарына!


Жұмыс бабымен Астанадағы мемлекеттік органдарда, министрліктерде, әкімшіліктерде жиі боламын. Кейде жұмыс аяғына дейін, одан да ұзақ қалатын кезіміз бар. Мені таң қалдыратыны сондағы шенеуніктердің жұмыста кешкі 20.00 – 21.00-ге дейін, тіпті одан да ұзақ жұмыста отыратыны. «Бұл қалай?» десең, «Бастық отырса біз де отырамыз, рұқсатсыз кетуге болмайды» дейді.

Иә, үйге қайту үшін бастығы бастығының, ол министрдің орынбасарының рұқсатын күтіп отырғаны. Облыс әкімшіліктерінің де терезесіндегі жарықтары да біразға дейін оңайшылықпен өшпейді.
«Артық істеген уақыт үшін ақша қоса ма?». «Қайдан?! Бастықтар бізге «До шести часов ты работал для себя, а после шести ты должен работать для Правительства» деп үйретеді» дейді атын жария етуді қаламайтын қызметкерлер.

Кешкі алтыдан кейін байғұстардың жіпсіз байланып отырғаны. Үйленгендері баласын балабақшадан алуды бір біріне тапсырып жатқаны.
Қаптаған тұрмысқа шықпаған қыздар, үйленбеген жігіттер. «Өй, айналайындар, өмір өтіп барады, үйленбейсіңдер ме?» дейміз. «Ой, ағай, жұмыстан түнгі тоғыз, онда шығамыз. Танысуға, қыдыруға уақыт қайда? Таңертең 08.50-де жұмыста болу керек. Электрондық кәртішкемен кіргізеді. Кешіксең жаза тартасың, жалақың азайып қалуы кәдік. Сондықтан жеке өмірімізге уақыт қалмайды!» деп ағынан жарылады кейбір іні-қарындастарымыз.

Іс жүзінде олар 11-12 сағат жұмыс істейді. Артық істеген сағаттарын өтеп жатқан ешкім жоқ. Тіпті сенбі, жексенбі күндері амалсыз жұмысқа шығатындары бар.

Сонда «Еңбек кодесі» кім үшін жазылған? Егер Үкімет орындамаса, министрліктер, әкімшіліктер орындамаса ол кодестің кімге керегі бар?

Сегіз сағат жұмыс міндетті. Қызметкерлерді қанауға неге жол беріледі? Жіпсіз байланған жерде жөнді нәтиже бола ма?

dalanews-sagintauevЕгер шенеуніктердің таң атқаннан түн жарымға дейін істегенінен экономика гүлденіп кетер болса онда Қазақстан отыздық түгілі алғашқы ондыққа кірмес пе еді? Алайда статдеректер экономиканың кері кетіп бара жатқанын айдан анық көрсетіп тұр ғой. Егер Үкімет өз жұмысын тиімді ұйымдастыра алса шаруаны алтыға дейін де тындыруға болады.

Сондықтан кешкі сағат алтыдан кейін қызметкерлер ешкімнің рұқсатынсыз үйлеріне қайта беруі керек. Шенеуніктер халықтан заңға бағынуды талап етерден бұрын тәртіпке өздері бағынуы керек деп ойлаймын!

Марат Тоқашбаев, журналист

(хат автордың Фейсбуктағы парақшасынан алынды)

Рекомендовать
Последние новости