Айтыскер ақын Балғынбек Имашевтің ұлы ұйымдастырған қажылық турына ақша төлеп, жолда қалған тағы 40-қа жуық адам шу көтерді. Қазақстанның әр түкпірінен келген азаматтар Мекке мен Мәдинаға аттана алмай, берген қаражаттарын қайтарып ала алмай сенделіп жүр, деп хабарлайды Dalanews.kz КТК арнасына сілтеме жасап.
Алматыдағы полиция басқармасына арнайы келген топ тергеудің созылып кеткеніне наразы. Қасиетті жерге сәуірдің 19-ы күні ұшамыз деп үміттенгендер әлі күнге дейін жолға шықпаған.
«Сәуірде сапарға аттанамыз дегенбіз, міне, екі ай болды. Ақшамызды да қайтара алмай әуреміз. «Жұмаға дейін, Құрбан айтқа дейін қайтарамыз» деп уәде еткен. Жауап беретін адам жоқ, директоры – Данияр Имашев деген жігіт», – дейді зардап шегушілердің бірі Берік Маржанов.
Әр адам қажылыққа бару үшін шамамен 500 мың теңгеден төлеген. Зардап шегушілердің жалпы шығыны – 20 миллион теңгеден асады. Жолаушыларға Мекке мен Мәдинадағы үш-төрт жұлдызды қонақүйлерде жайлы жатын орын уәде етілген.
Жолдамаға алданғандардың айтуынша, олар бұл компанияны әлеуметтік желідегі жарнама арқылы тауыпты. Балғынбек Имашевтің өзі жарнамалап жүрген соң, күмәнсіз сеніп қалғандарын айтады. Қазір, бірақ, айтыскер де, ұлы Данияр Имашев те байланысқа шықпай қалған. Журналистер хабарласқанымен, Балғынбек мүлде жауап бермеген.
Еске сала кетейік, бұған дейін дәл осы компаниядан қажылық жолдамасын сатып алып, сан соғып қалған 50-ге жуық адам полицияға шағымданған еді. Ол кезде Данияр Имашев шұғыл түрде ақшаларын қайтарып берген. Қазір тағы алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталған.
«Қылмыстық іс бойынша барлық қажетті сараптамалар жүргізіліп жатыр. Тергеу аяқталған соң, іс материалдары міндетті түрде сотқа жіберіледі», – деді Алматы қаласы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.