Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram-парақшасында әлеуметтік инфрақұрылым құрылысының қарқыны туралы жазды,- деп хабарлайды Dalanews.kz
Оның айтуынша, елордада балабақша мен мектеп тапшылығын азайту мақсатында ауқымды жұмыс атқарылып жатыр.
«2017 жылдан бері мемлекеттік балабақша құрылысы тоқтап тұрған еді. Біз бұл істі қайта жандандырдық. Жер телімдерін бөліп, инфрақұрылым дайындадық», – деді әкім.
Биыл қалада жалпы 2899 орынға арналған 11 балабақша пайдалануға берілмек. Оның 5-еуі – жергілікті бюджет есебінен, 4-еуі – жеке инвестиция арқылы, қалған екеуі – тұрғын үйлердің бірінші қабатында және жаңғыртылған ғимаратта ашылады.
Сонымен қатар, жаңа оқу жылында елордада 15 жаңа мектеп іске қосылады. Өткен жылы 24 мектеп пайдалануға берілген, оның 16-сы – «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған.
Жеңіс Қасымбектің айтуынша, әлеуметтік нысандармен қатар инженерлік инфрақұрылым да дамып жатыр. Қалада газ жылыту станциялары, ауыз су мен электр энергиясын жеткізетін нысандар салынып, тіршілікті қамтамасыз ететін жүйелер жаңартылуда.