“Балалар жануар болуға әуестеніп жатыр”. Депутат елде белең алған квадробикаға алаңдаушылық танытты

Қаракөз Амантай 06 нояб. 2024 19:55 1930

Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев жастар арасында кеңінен таралып жатқан квадробика мәселесіне алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

”Квадроберлер – адам болудан бас тартып, өзін жануарға теңейтіндер. Олар төрт аяқтап жүріп, жануар бейнесіндегі бетперде киіп, ит пен мысық сияқты әрекет жасайды. Бұл – балалар мен жасөспірімдерге төніп тұрған қауіп. Олар тек сыртқы түрін ғана өзгертпей, жануарларға тән қылықтар жасап, адамдарға шабуылдау, тырнау, тістеу секілді әрекеттерге барады. Мұндай жағдайлар Ресей мен Өзбекстанда да тіркелген. Әлеуметтік желілерде квадробер болуды үйрететін жабық топтар мен арнайы сабақтар пайда болды”, – дейді Мұқаев.

Депутаттың айтуынша, бұл балалардың психологиясы мен әлеуметтік дамуына кері әсерін тигізіп, шектен шығып барады.

“Батыс елдерінде балалар сабақта сөйлесудің орнына жануарша дыбыстайтын болды. Бұл субмәдениетке арнайы кештер өткізіліп, керек-жарақтары бизнес көзіне айналып, жоғары бағамен сатылуда. Балалар адамдық қасиеттерден алыстап, жануар болуға әуестеніп жатыр. Егер бұл үрдіске тосқауыл қоймасақ, бір ұрпақты жоғалтып алу қаупі бар”, – деп ескертті ол.

Мұқаевтың айтуынша, әлем елдері бұл мәселеге алаңдаушылық білдіруде.

“Балалардың осы субмәдениетке қызығушылығы артқанын көргенде, ата-аналар мен қоғамға белсенді әрекет ету қажет. Бұл – тек ата-ананың емес, бүкіл қоғам мен мемлекеттің мәселесі. Біз әлеуметтік желілерді бақылауда ұстап, құқықтық тосқауыл қоюымыз керек. Ресейде заң қабылдау талқыланып жатса, Өзбекстанда ата-ана міндетін дұрыс орындамағаны үшін айыппұл салу қарастырылуда. Қазақстанда да құзырлы органдар бұл мәселеге кешенді шаралар қабылдауы тиіс”, – деп түйіндеді депутат.


Рекомендовать
Последние новости