Айнұр Тұрсынбаева марқұм Оразәлі Досбосыновтың Қытайда тұратын балаларының үйінде қонақта болды

Dalanews 01 авг. 2016 03:18 1819

Айтыскер марқұм Оразәлінің өзіне айтқан демеу сөздері мен әзілдерін еске алды.Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.

Айнұр Тұрсынбаева дәл қазір Қытай елінде жүр. Ол аталған елде тұрып жатқан Оразәлінің балаларының үйіне қонаққа барған. Артынша балаларға әкелері туралы айтып, естеліктерін бөліскен.

“Қытайға ең алғаш Оразәлімен келген болатынмын. 10 күн жүріп айтысып едік. Күн сайын ұзақ жол, бітпейтін әңгіме. “Ақындар өлсе тек жүректен өледі, себебі біздің жүрекке түсетін салмақ ауыр” деді бір күйзелген кезде. “Қытайға айтыс үшін ғана емес, әкемнің туыстарын көріп кетейін деп келдім” деп бір мұңайып қалды. Жарықтық Қытайдан келген соң көп ұзамай фәни дүниеден бақи дүниеге аттанып кете берді ғой.

Тірісінде кімнің бағасына жетіп едік, ойлап отырсам 10 жыл қатар айтысып жүргенде көңілге тиетін бір ауыз сөз айтып көрмеген екен. Қазір Қытайда жүріп осының бәрін ойланамын. Сағыныш жүректі кернеп-ақ кетеді, әттең. Мынау отырған Ораздың ұлы мен қызы. Қызы Нұрайшадан қатты үміт күтетін еді.

Осы Қытайда жүргенде бір жағдайлар болып, “шаршап кеттім, түк те айтысқым келмейді” деп түңілгенде, “Айнұр, Айша өскенше айтысып ал, ол бәрібір айтыстан сені қуып шығады” деп күлдірген еді. Мұңайып тұрғанынының өзінде жымиып тұратын еді жаным. Нұрсұлтан ұлының көзінен де әкесінің жанарында болатын мейірімді көрдім. Сағындым”, – дейді Айнұр Тұрсынбаева.

Желі қолданушылары марқұм айтыскердің ұлын анасына, ал қыздарын әкесіне ұқсатты. Мұнымен қатар, Айнұр ханымның ауқатты екенін тілге тиек етіп, бұл балаларға көмектесуді сұраған жандар да болды. “Айнұр ханым, сіздің материалдық жағдайыңыз жақсқы ғой. Осы екі баланың бір жетістікке жетуіне көмектесіп жіберсеңізші. Алла разы болсын! Оразәлі ақынның да әруағы разы болады”, – дейді Кәрима есімді желі қолданушысы.

Рекомендовать
Последние новости