Айна Досмахамбет: "Әкеме билік те, атақ та керек емес"

Dalanews 13 июн. 2019 09:58 1183

Белгілі қоғам қайраткері, саясаттанушы, «Ұлт тағдыры» қозғалысының жетекшісі Дос Көшім сайлаудан кейін қарша бораған сынның астына қалды. Көшімның қызы Айна Досмахамбет қайраткеркерге қатты ренжіген желідегі жұртқа жауап қатыпты. Желідегі жазбасын қаз-қалпында ұсындық.

Әкеме қатысты. Бірден ескертемін: кез келген негативті коммент блокқа кетеді. Себебі, әкем сияқты қазақтар үшін әлі ешкім ештеңе істеген емес. Сондықтан, өздері іспен ешқандай үлес қоспаған адамдар өз пікірін жазуға хақы жоқ деп ойлаймын. 

- Әкем оппозиционер емес, ол-ұлтшыл. Әрқашан өзін солай атаған. Журналистердің оны оппозиционер деп атауын есепке алсақ та, қазір солардың ішіндегі  билікте ешқашан қызмет етпеген жалғыз адам (30 жылғы "оппозиция" бұрынғы билік өкілдерінен тұратынын білеміз). 
- Осыдан 3жыл бұрын қазақтың жерін Қытайға сатқызбауда қанша шырылдап жүрді. Білесіздер өздеріңіз. 
- 2002 жылы Өзбекстанға қазақ жерін бермеу үшін митинг ұйымдастырып, бір аймақты қайтарып алды. 
- Монғолиядан қазақ оралмандарын елге қайтарды. 
- Қытайдан қайта алмай, шекарада бір ай бойы жатқан оралмандар үшін жүгіріп, елге әкелді. 
- Шаңырақ оқиғасына қатысқан 25 азаматты қорғап шықты. 
- Қазақстанда  ешқашан болмаған сайлауды бақылаушылар институтын қалыптастырды. Әкеме дейін сайлауда бақылаушылар болмайтын. Бақылау бағдарламасын жасап, бүкіл бақылаушыларды оқытқан адам. Қазіргі бақылаушылардың бар болғаны, заң бұзушылықтарды сіз көргеніңіз-әкемнің арқасы. 
- Қазақстан бойынша қазақ фамилиялар "-ұлы","-қызы" деп жазылуына бөлек еңбек етті. 
- Тәуелсіздік алғаннан кейін талай орыс мектептерін қазақшалады, не қазақ сыныптарын аштыртты. 
- Жер-су аттарын қазақшалау туралы заң жасасты. 
- Бірнеше әскери бөлімшелерге қазақ батырларының аттарын беруді талап етті де, өзгертті. 
- Бір де бір қазақ және өзге ұлт арасындағы шиеленісті жіберіп алмай (Шелек оқиғасы, тб) қазақтардың мүддесін қорғап шығып, кінәлі адамдардың жазалануына қол жеткізді. 
- Билікке қарсы болғаны үшін жұмыстан сонау 99 жылы шығарылды. 
- Билікке қарсы болғаны үшін, әділ сайлауды талап еткені үшін бірнеше рет сотталды, жауапқа тартылды,  т. б. 
- 86 жылғы Желтоқсан оқиғасының қатысушысы, әрі сол монументтің алаңға орнатылуының инициаторы. 
- Орыс тілді облыстарда балаларын қазақша оқыту бойынша талай ағартушылық жиындар ұйымдастырды. 
- т. б өте көп жұмыстар. 
Әкеме билік те, атақ та керек болған емес. Бар ойлағаны-қазақтың мүддесі.

...

Әкемді талай рет КНБ қызметкерлері қудалады да, қорқытты да, сатып алуға тырысты да, "Дос Көшімнің Швейцарияда зәулім үйі бар" деген жалған мақалалар да жазғызды, прослушка, наблюдение, тб. Әкемді қамады да, соттады да. Бәрі болды.

Алайда, ол 20 жылдан астам сондай қыспақта өз позициясынан тайған емес. Ринат 2 сағаттан соң басқаша сөйледі дегенім де содан. Ринатты жамандағаным емес, билікке қарсы шыққан оңай емес екенін айтқым келді. Сондықтан оған "сен де нұрбот екенсің" деп жазатын адамдар енді ойланар. Ал әкем 2 сағат емес, 20 жыл...

Әкем тәуелсіз бақылаушылар жүйесін құрмаса, кешегі сайлаудағы заң бұзушылықтарды сіз сол беті білмеуші едіңіздер.

Бұдан кейін оны биліктің адамы деп тек қараңғы адам айта алады. Кеше ғана жер мәселесіне келгенде әкем сияқты ешкім радикалды, ашық өз ойын айтып, жерімізді қорғап қалған жоқ. Сол кезде оны көтерген халық, бүгін еш ұятсыз "сатқын" деп жатыр. Өздері қазақ үшін түк істеген емес.

 Өздерінің балалары әкем соғысып жүріп қазақшалаған мектепте оқып жүргені ойда жоқ. Әкем терлеп жүріп кіреберіс билетті қазақшалаған музейге барып жүргені ойда жоқ. Қазақтар үшін қанша еңбек етіп, оны ешқайда жарияламаған.

"Әкеңізді қорғап отырсыз" дейсіздер. Әрине қорғаймын! Мен туғаннан бастап өз уақытын балаларына емес, халқына арнаған әкемді қорғамағанда кімді қорғауым керек?


 Әкемді өмір бойы сирек көреміз: біресе шетелде Қазақстандағы "демократияның" жағдайын түсіндіріп жүреді, біресе өз елінде сол демократияны орнатумен уақытын өткізеді.

Әкемді үйден гөрі теледидардан жиі көретінбіз. Бұндай жұмысты осы күнге дейін кім жасады? Ринат па? Марғұлан ба? Тасмағамбетов па? Жоқ әлде, Аблязовтың жалған ақпаратын оқып, жылы диванда отырып, комментарий жазатын адамдар ма? 

Әкем сатқын болса, мен қазір АҚШ-та тұратын едім.


Ең болмағанда әпкем екеуміз шетелде білім алушы едік. Қазір қаланың шетінде СССР кезінде салынған пәтерде емес, Аль-Фарабиден жоғары коттеджде тұрып, соңғы модельдегі мерс айдаушы едік.

"Күйеуің билікке қарсы" деп ғылыммен айналысып жүрген анама Қазақстанда кандидаттық диссертациясын қорғатпады. Қырғызстанға қорғауға мәжбүр болды. Бірнеше жылдан кейін дәл солай докторлық диссертациясын қорғатқан жоқ. Оны да көрші елде қорғады.

Айта берсем өте көп. Үндемей отыра алмадым. Қосановты әкемнің ұйымы ұсынса да, әкем оның штабын басқарған да жоқ, қолынан жетектеп жүрген жоқ, айтатын сөзді де жазып берген жоқ.


Сайлаудан кейінгі Қосановтың видеосынан кейінгі бәріміз шок болып әкеме хабарласып, "неге олай айтты?" дедік. "Білмеймін" деді. Сол түні ұшып келіп баспасөзге сұхбат берді.

Қосановтың неге олай айтқанын әкем білмесе де, араларыңызда "өтірік"," сенбейміз" дейтіндер шығады. Сондықтан тағы ескертемін: әкем сияқты қазаққа еңбек етпесеңдер, комменттер өшіріледі. Айтарым осы.

Рекомендовать
Последние новости