Аймақтардағы әлеуметтік төлемдерді біріздендіру қажет - Президент

Ақтоты Жапатова 08 сент. 2025 13:31

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында әлеуметтік саясаттағы басым бағыттарға тоқталды. Президенттің айтуынша, аймақтардағы әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарға төленетін төлемдерді біріздендіру қажет, деп хабарлайды Dalanews.kz

«Мемлекеттің көз алдындағыдан басқаны көрмей, бәріне көне беретін әлеуметтік саясаты жүзден астам түрлі жеңілдіктің пайда болуына әкеп соқтырды. Осы жеңілдіктерді әперемін деп «көмек қолын» созатын жылпостар да көбейді», – деді Президент.

Оның айтуынша, мемлекет негізгі міндеттерінен бас тартпайды, бірақ әлеуметтік жеңілдіктерді қолдан көбейту – елдің дамуына жұмсалуы тиіс қыруар қаражатты босқа шашумен тең.

«Әлеуметтік салада оңтайлы шешім қабылдаудың орнына, Үкімет кемінде 15 жыл бойы әлеуметтік масылдық пен әлеуметтік алаяқтыққа жол беріп келді», – деді Мемлекет басшысы.

Президент демографиялық үрдістерді терең зерттеп, ұзақ мерзімді шешімдер қабылдау қажеттігін де атап өтті. Осы мақсатта Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің базасында жасанды интеллект технологиялары қолданылатын Демографиялық үдерістерді талдау және болжау орталығын құруды тапсырды.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев зейнетақы жүйесін қайта қарау қажеттігін айтты.

«Азаматтардың, әсіресе, өз-өзін жұмыспен қамтып отырған адамдардың зейнетақы жинағы аз екені байқалады. Үкімет Ұлттық банкпен бірлесе отырып, зейнетақы жүйесінің қаржылық тұрақтылығын нығайту шараларын ойластыруы керек», – деді ол.

Президент халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, «AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасы бұл бағыттағы маңызды бастама болып отыр. Өткен жылы жоба аясында 845 мың азамат білімін жетілдіріп, заңгерлік кеңес алған.

«Түпкі мақсат – халықтың мойнындағы қарызын азайту ғана емес, азаматтардың табысы тұрақты болуын қамтамасыз ету», – деп түйіндеді Мемлекет басшысы.


Рекомендовать
Последние новости