Айкөркемнің әкесі Айдос Мелдеханның өзін террорист қылып көрсетпек - адвокат

Көркем Алдабергенова 14 мар. 2024 16:49 4794

Астанадағы әскери соттың апелляциялық алқасы Арман Жұманның адвокаттарының өтініші бойынша үзіліс жасады. Айта кетейік, Арман Жұман – қаңтар оқиғасы кезінде төрт жасар Айкөркемді атып жіберді деген күдікке ілінген әскери. Сот отырысы санаулы минуттарға ғана созылып, сот үзіліске кетіп қалған, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Күдікке ілінген әскеридің адвокаттары кеше Алматыға ұшып кеткен екен, ал бүгін сот кабинеті арқылы сот отырысын кейінге қалдыру туралы өтініш тастаған", - дейді Айдос Мелдеханның адвокаты Жан Күнсеркин Orda.kz-ке.

Айкөркемнің әкесі Айдос Мелдехан Алматыға денсаулық жағдайына байланысты ұшып кетуіне тура келген. Қазір ол ауруханада жатыр. Ол адвокаттар дәлел ретінде ұстап отырған видеоны тауып алған.

Видеода сұр шашты ер адам басқа адамға қарай иіліп тұр. Арман Жұманның тарапы осылайша Айдос Мелдеханды террорист әрі Қаңтар оқиғасына белсенді қатысқан адам ретінде көрсетпек.

"Олар бұл мен екенін дәлелдейтін сараптама да жүргізіп қойған", - дейді Айдос Мелдехан.

Оның адвокаты видеодағы ер адам Айдос Мелдехан емес екенін айтты.

"Біріншіден, видеодағы ер адам Айдос Мелдеханға мүлдем ұқсамайды. Екіншіден, видеодағы адам басқа адамның жүрек қағысын кәсіби деңгейде тексеріп жатыр. Ол медицина қызметкері болуы мүмкін. Үшіншіден, видеодағы адамның шашы ағарып кеткен. Ал Айдос Мелдеханның шашы қаңтар оқиғасынан кейін, қызы мерт болғаннан кейін ағара бастаған", - дейді адвокат.

Айта кетейік, төрт жасар Айкөркем Мелдехан 2022 жылы 6 қаңтарда қаза тапты. Айкөркем, ағасы және әпкесі отырған көлікке оқ жаудырылған. Оқ Айкөркемнің басына тиген, ал ағасы мен әпкесі жарақаттар алған еді.


Рекомендовать
Последние новости