Айжан Ысқақова: «Экомәдениетті қалыптастырмай, экотуризм дамымайды»

Dalanews 26 сент. 2022 10:43 1066

Экология тақырыбы жаһандану үрдісі жеделдеп, адамзат баласының саны ұлғайған сайын күн тәртібіндегі актуалды мәселелердің алдыңғы сапына шықты. Ауаның ластануы, қоршаған ортаға деген құрметтің жоқтығы, экомәдениеттің төмендігі, қоқысты қайта сұрыптау дағдысының қалыптасуы кесірінен Жер-ананы жылатып жатқанымызды өзімізді де аңғармаймыз.

Экология мәселесі Президент Тоқаевтың бірде-бір Жолдауында аталмай, айтылмай қалған емес. Мемлекет басшысы жасыл экономика қағидаттары мен қоршаған ортаны қорғау мәселесін қатар алып қарастырып, озық елдердің тәжірибесіне жүгінуге үндеп келеді.

Қазақстандағы экомәдениеттің деңгейі қандай? Халық қоршаған ортаға құрметпен қарай ма әлде әлі де болса немқұрайды көзқарас басым ба? Жаңа Экологиялық кодекстің басымдығы неде, оның бұрынғы құжаттан қандай артықшылығы бар?

Әлбетте, бұл сауалға бізге қарағанда білікті сарапшы әлдеқайда толымды жауап берері анық.

Dalanews.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі көпшіліктің көкейіндегі сұрақтарды депутат, ҚР Паралменті Мәжілісіндегі Экология және жер қойнауын пайдалану комитеті мен Қазақстандағы экоұйымдар ассоцияциясының белді мүшесі Айжан Ысқақоваға көлденеңінен қойған еді.

Айта кетелік, бұған дейінгі Жолдауында Мемлекет басшысы жаңа Экологиялық кодекс (әрі қарай – Экокодекс, ред.) әзірлеудің қажеттігін баса көрсетіп, сала мамандарына тиісті тапсырма берген болатын. Тоқаевтың атап өткеніндей жаңарған, кем-кетігі түзелген құжат саладағы көп жылдан бері қордаланған мәселелерді шешуге жәрдемдесуі тиіс.

Айжан Ысқақованың пікірінше, Қазақстан жұртшылығы жаңа Экокодекстің тиімділігін аз уақыттан кейін сезіне бастайды, қазірдің өзінде ауыз толтырып айтарлық жетістіктер бар.

«Осынау құжаттың көмегімен осы күнге дейін білгенін істеп, қоршаған ортаны ластап, ауаны былғап келген өндіріс орындары қатаң бақылауға алынатын болды. Бұдан сырт, Президент міндеттеген халықаралық тәжірибелер және дамыған елдердің экологиялық мәселелерді шешудегі озық шешімдері назарға алынды.


Бұдан былай еліміздегі өндіріс орындары өз бюджетінен арнайы қаржы қарастырып, экология саласындағы қолжетімді әрі озық технологияларды енгізеді. Әлбетте, бұл уақыт ете келе ауаның тазаруы, қоршаған ортаның келбетін кіргізуге жәрдемдеседі. Былайша айтқанда, сіз бен біз тыныстайтын ауадағы зиянды заттардың мөлшері азаяды, экологиялық ахуал жақсарады, тиісінше ауру-сырқаудың көрсеткіші де төмендейді», – дейді сарапшы.

Dalanews.kz анықтамасы:

Жаңа Экокодекстің талаптары бойынша 2030 жылға дейін еліміздегі қатты тұрмыстық қалдықтардың қатарына кіретін қоқыстың 42 пайызы қайта өңделуі қажет. Құжат күшіне енгелі бері экобелсенділердің көмегімен 5 мыңға тарта заңсыз қоқыс алаңдары анықталған екен. Жаңа Қазақстан билігі мұндай кемшіліктерді көз жұма қарамай, бүгінгі таңда мұндай заңсыз алаңдардың көпшілігінің көзі жойылған.

 

Үкімет экобелсенділердің пікіріне құлақ асуда ма?

Айжан Ысқақованың айтуынша, жаңа Экокодекс еліміздегі экологиялық проблемаларға қоғам белсенділерінің атсалысуына жол ашып отыр. Қоғам қоршаған ортаға қатысты көзқарасы назарға алынып, елдің пікірі бірінші кезекте ескерілетін болады.

Сарапшының тоқталып өткеніндей, қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне бағытталған ауқымды қаражаттың қалай жұмсалып жатқаны да қоғам, халық тарапынан бақылауға алынады.

«Экобелсенділер бұл мәселені соңғы 10 жыл бойында үздіксіз көтеріп келгені жасырын емес. Алайда әрқилы, әртүрлі себеппен қаржының ашық игерілуіне көптеген жылдар бойы кейінге шегеріліп келді. Бұдан былай біздер экологияға бөлінген қыруар қаражаттың қайда, қандай мақсатқа жұмсалғанын онлайын режимде көріп, бақылап отырамыз.

Тоқаевтың қоршаған ортаны аялауға қатысты тапсырмасы алдымен осы шараға бөлінген қаржының ұқыпты жұмсалуынан басталады», – дейді ол.

Айта кетелік, жаңа Экокодекс былтырғы жылдың 1 шілдесінде күшіне енген. Еліміз 2013 жылдан бері экономикадағы концепцияларға өзгеріс енгізіп, жасыл экономикаға көшу туралы шешім қабылдаған. Бұл өз кезегінде ескі Экокодекстің өзгеруіне алғышарт болған еді.

Dalanews.kz сайты соңғы 4 жылдың бедерінде Президенттің Жолдауына мұқият көңіл бөліп, тыңғылықты шолу жасап келеді. Осыған дейін мәлімдемесінде Мемлекет басшысы алдағы 5-6 жылдың ішінде Қазақстан бойынша 2 млрд-қа жуық тал-терек туралы тапсырма берген. Экосарапшылардың пайымында бұл ақылға сыйымды сан.


Десе де, еліміздің экоахуалын жақсарту үшін тағы нендей іс-шараларды қолға алуға болады?

«Президент көтерген мәселені әркім әртүрлі қабылдағаны жасырын емес. Кейбіреулердің тарапынан бұл көрсеткішке жету мүмкін емес деген пікір айтылды. Әрине, мұндай уәжге де орын бар, кез келген мәселеге сыни көзқараспен қарайтын аудиторияның аузына қақпақ қоя алмаймыз.

Тоқаевтың тал-терек отырғызуға қатысты батыл мәлімдемесін егер тиісті қаржылай қолдау мен жүйелі жұмыс жүргізілсе, жүзеге асыруға болады.

Жасырары жоқ, еліміздегі көптеген елді мекендерде көгалдандыру мәселесі ақсап тұр. Қазақстандағы орманның үлесі тым мардымсыз. Мендегі мәлімет бойынша еліміздегі орман қорының үлесі 1,3 пайыздың шамасында, сексеуіл мен тал-теректерді қоса алғанның өзінде 4 пайыздан әрең асады.

Өз басым алдағы 5-6 жылдың көлемінде Қазақстандағы орман қорын әжептәуір ұлғайтып, соның ішінде қалаларды да жасыл желекке толтырарымызға үміттімін», – дейді өз кезегінде Айжан Ысқақова.

Оның пайымдауынша, еліміздегі орман қорының алқабын ұлғайту мен экологиялық жағдайдың жақсаруы бір-бірімен тығыз байланысты.

Халықтың экосауатын қалай арттырамыз?

Сарапшы еліміздегі экомәдениеттің төмен екендігін жасырмайды. Қоршаған ортамен байланысты түрлі келеңсіз, соңғы дау-дамайға ұласқан жайттардың жиілеп кеткенін айтады. Оның айтуына қарағанда, бұған соңғы отыз жылда экосауатты көтеруге бағытталған жұмыстардың жүргізілмеуі себеп болған.

«Айталық, Ақтау тұрғындарының теңіз жағасына шығып қалған итбалықтарды таспен ұру, қалталы компанияның дәл іргесіндегі ағаштарды отап тастаған елімізде экологиялық тәрбиенің ақсап тұрғанын көрсетеді. Ал тәрбие тал бесіктен басталады. Ересектердің барлығын түзей алмасымыз тағы белгілі. Осы себепті жұмысты оқушылардан бастау қажет. Мектептерде қоршаған орта мен жануарларға аяушылықпен қарау туралы арнайы дәріс жүргізген дұрыс», – дейді Айжан Ысқақова.

Сарапшының атап өткеніндей, халықтың экологиялық сауаты мен мәдениеті қалыптаспайынша экотуризмді дамыту мүмкін емес.

Иә, коронавирус індеті ішкі туризмге деген сұраныстың жоғары екенін дәлелдеп кеткен. Ел арасында төл табиғатымызға қызығушылықтың ешқайда жоғалмағаны, керісінше соған сұраныс барлығы байқалып отыр. Еліміздің экологиялық туризмді биік шыңға шығаратын потенциалы асып-тасып тұр. Бұған Үкімет те барынша жәрдем қылуда. Қазақстанда экотуризмді дамытуға бағытталған 2025 жылға дейінгі арнайы бағдарлама әзірленген.

Сөй деген Айжан Ысқақова экотуризм шеңберінде экомәдениетті дамытуға да басымдық берілуі керектігін айтады.

«Мәселен, биылғы жылы Бурабай демалыс аймағына 60 мыңға жуық турист арнайы келген. Әлбетте, ішкі туризмнің дамып, бюджетке табыс түсе бастағаны қуантады. Әйтсе де, осыншама халық соңында қалдыратын қоқыс көлемін естісеңіз жағаңызды ұстайсыз. Мендегі мәлімет бойынша ұлттық парк қызметкерлері 200 тоннадан аса қоқыс шығарған. Оның басым көпшілігі тұрмыстық қалдықтар, соның ішінде пластиктің үлесі көп.


Еліміздегі тағы бір өзекті мәселе көптеген демалыс орындарында қоқыс тастайтын жәшіктер жетіспейді. Бұл Бурабайға ғана емес, Алакөл, Алматы мен Маңғыстау өңіріндегі демалыс өңірлеріне тән жағдай. Қолындағы қоқысты көлігіне салғысы келмейтін халық оны далаға лақтыра салады. Ал пластик қорытылмайды, жылдар бойы зиянды заттар бөледі. Өкінішке орай, бұл туралы көпшілік азаматтар ойлана бермейді. Осы себепті де экотуризмді дамытпас бұрын, алдымен халықтың экологиялық сауатын арттырып, мәдениетін қалыптастыруымыз керек», – дейді депутат.

Әзірлеген Аяулым ШАЙМАРДАН

Рекомендовать
Последние новости