Аумақтық тұтастыққа Қытайдай алпауыт елдің кепілдік беруі қазақ дипломатиясының жеңісі – сарапшы

Dalanews 18 сент. 2022 11:41 874

Сарапшы Әділ Кәукенов Қазақстанның аумақтық тұтастығына Қытай секілді алпауыт елдің кепілдік беруі қазақ дипломатиясының жеңісі деп есептейді.

Dalanews.kz тілшісімен аз-кем әңгіме өрбіткен сарапшы Бейжің басшысының соңғы екі жылдағы алғашқы мемлекеттік сапарын Қазақстан бастауын қазақ дипломатиясы үшін үлкен мәртебе санайды.

«2019 жылдың басынан бері Си мырза Қытайдың аумағынан шыққан жоқ. Індетке қарсы күресіп жатқан халқымен бірге болды. Ел-жерді аралап, вирустың таралуына себепкер болғанды қаламады. Пандемия бәсеңдегесін Бейжің әлемдегі ең ірі инвестор екенін ескеріп, соңғы жылдары үзілген мемсапар дәстүрін қайта жалғады.

Қытай басшының алдымен Қазақстанға ат басын бұруы біздің елдің қаншалықты маңызды әріптес екенін айғақтайды. Қытай Орта Азия елдерінің ішінде Қазақстанның потенциалын жоғары бағалайды» дейді сарапшы.

Оның атап өткеніндей, Бейжіңнің біздің елдің аумақтық тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығына араша болуға уәде еткені бекер емес. Биыл екі елдің арасындағы дипломатиялық байланысқа 30 жыл толды.

Қытай элитасы осы уақыт аралығында қазақ дипломатиясының Бейжіңдей алпауыт елмен тіл табыса білетін қабілетін мойындаған.  


«Си мырза Қазақстанның осы бағыттан таймағанын, осы қалыптан аумағанын қалайды. Еліміздің экономикалық потенциалы, соның ішіндегі инвесторға деген көзқарасы мен құрметі Батыс елдерінен кем түспейді. Қазақстан қол қойылған құжаттың соңғы абзацына дейінгі талапты мүлтіксіз орындайтын ел.

Ал мұндай мемлекеттің саяси тұрақтылығына да өзге де әріптес елдер мүдделі болады», – дейді сарапшы.

Сарапшы Қытай билігінің Тоқаевтың тұсында қолға алынған саяси реформаларды қолдайтынын айтады. Си Цзинпинь Қаңтар оқиғасы мен оның соңы ала келген өзгерістер жақсы хабардар. Қазақстан басшылығының осы оқиғадан кейінгі саяси-экономикалық бастамалары Қытаймен арадағы барыс-келіс пен алыс-перістің екінші тынысын ашарына сенімді.

«Бейжің геосаясаттың сан құбылып тұрғанынан қарамастан Қазақстанның дербестігі мен территориялық тұтастығына көлденең біреудің килігуіне жол бермейтінін растап отыр. Бұл біз үшін алға қадам басып, саяси реформаларды алаңсыз жүзеге асыруға таптырмас мүмкіндік. Си Цзинпинь осы арқылы теріскейден төнуі ықтимал қауіп-қатерді тежеп тастады. Сөй дей отыра Тоқаевтың Жаңа Қазақстанның қабырғасын қалауға жәрдемдесті. Ақорда ендігіде сырттан төнетін тәуекелдерге алаңдамайды», – дейді сарапшы.

Кәукеновтің атап өткеніндей соңғы жылдары тұралап қалған екі елдің арасындағы ортақ жобаларға Қытай басшысының сапарынан жан бітетін болады. Тоқаев билікке келгелі Бейжің мен Астананың қарым-қатынасында тұрақтылық пайда болып, сауда-саттық көрсеткіші еселеп артқан.

Сарапшының мәлім еткеніндей жыл басынан бері қазақ-қытай тауар айналымы былтырғы жылғы салыстырғанда 38 пайызға өскен.


«Қытай біздің елдің агроөндірісі мен транпорт-логистикасына, ІТ технологияларға, роботты техникаға, тұтастай алғанда ғылым мен білімге қаржы құюға ықылас білдіріп отыр. Екі ел басшысының жүздесуінде Қытайға апаратын шойын жолдардың санын көбейту мәселесі сөз болды. Осы арқылы қазақ билігі Қытай шекарасындағы екі жақтың кәсіпкерлеріне де қиындық туғызып отырған мәселені біржолата шешкісі келеді.

Әлбетте, тараптар тек сауда-саттық саласымен ғана шектеліп қалмайды. Тоқаев пен Сидің Қытай мен Қазақстанның ірі қалаларында мәдени орталықтар ашатын уағдаласты», – дейді Әділ Кәукенов.

Рекомендовать
Последние новости