Айдосқа жасалған шабуылда Қазақстан үнсіз қалмауы керек - депутат Бапи

Сағыныш Сардарова 19 июн. 2024 12:39 498750

Кеше белгілі оппозициялық журналист Айдос Садықовқа Киевте қастандық жасалды. Әйелі Наталья Садықова екеуі отырған көлікке белгісіз біреу келіп, журналиске оқ атқан. Алған жарақатынан кейін Айдос Садықов ауыр жағдайда жатыр. Бұл оқиғаға депутат Ермұрат Бапи пікір білдірді. Оның сөзінше, Айдосқа жасалған шабуылға Қазақстанның қатысы жоқ, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ермұрат Бапи Айдос Садықовты жақсы білетінін, ал "Бәсе" қатардағы оппозициялық ресурс екенін айтты.

"Бірінші кезекте бұл - өкінішті жағдай. Қалай болғанда да тапа тал түсте бір адамды атып кету - қылмыстық іс. Әлдебір үшінші күштердің бе, Қазақстан мен басқа елдерде, батыста немесе қазіргі Украинада жүріп жатқан соғысқа қатысушы елдерде басын соғыстырып қоюға арналған саяси астары бар әрекет пе деп ойлаймын. Мен Айдосты өте жақсы білемін. Кезінде оған қылмыстық іс қозғалған кезде "Дат" газеті оны қолдап, бірнеше сұхбатын шығарғанбыз. Қалай болғанда да "Бәсе" ресурсы - елдегі көптеген оппозициялық ресурстардың бірі, Қазақстанның билігіне, елдегі саяси жағдайға қастандық жасап, билікке араласуға, тартып алуға не болмаса соған күштерді жұмылдыруға арналмаған, бұл - ақпараттық, танымдық, оппозициялық ресурс. Оның астарында ешқандай да бір саяси әрекет жоқ. Елде болып жатқан жағдайды айтатын қатардағы көптеген ресурстың бірі", - деді ол.

Сондай-ақ, депутат бұл қастандыққа Қазақстан билігінің реакциясы жөнінде, Қазақстанның ендігі әрекеті қандай болатыны туралы пікір білдірді.

"Менің ойымша, Айдосқа қарсы жасалған әрекетке Қазақстан билігінің қатысы жоқ деп ойлаймын. Оған не керек, не қажеті бар?! Осындай провокациялық, халықаралық дәрежедегі қастандық әрекетке араласуға Қазақстан мүдделі емес деп ойлаймын. Қазақстан тарапынан қандай қызығушылық болуы мүмкін?! Айдос Қазақстанның билігіне қауіп төндіріп жүрген саяси тұлға емес, ол - журналист, кәсіби қызметін атқарып жүрген азамат. Осы тұрғыдан келгенде Айдос арқылы, Айдосқа қастандық жасау арқылы әлдебір үшінші күштердің Қазақстан мен басқа елдердің арасындағы қарым-қатынасқа от жағудың әрекеті ме деп ойлаймын. Оны міндетті түрде Қазақстан тарапы Украинаның тергеу органдарына шығып, істің мән-жайын анықтауды сұрауы керек деп ойлаймын. Былай айтқанда, талап етуіне де болады. Себебі қалай болғанда да (Айдос - еск.) Қазақстанның азаматы. Біздің елдің билігі өз азаматын қай жерде жүрсе де қорғауы керек. Оның мүддесін жақтауы керек. Қазақстанның билігі өз тарапынан Украина тарапына ұсыныстар жасаған шығар деп ойлаймын.

Садықовтардың кәсіби, саяси көзқарасы қалай болғаны маңызды емес. Ең маңыздысы ол - Қазақстан азаматы. Қай жерден барып саяси баспана алса, ол - екінші кезектегі мәселе. Сондықтан Қазақстанның билігі, Қазақстанның тиісті мемлекеттік органдары Украина тарапына шығып, бұл мәселеге араласуы керек, сұрау салуы керек. Бұл халықаралық дәрежеде резонанс алған оқиға ғой. Бір елдің азаматын екінші бір елде атып кету деген, оның үстіне журналист болса, оппозициялық ресурстың жетекшісі болса, міндетті түрде Қазақстанның тарапы араласуы керек. Екіншіден, Қазақстанның бұған ешқандай да қатысы жоқ екенін дәлелдеуі керек қой. Қазақстан тарапы үнсіз қалатын болса, онда басқа да пікір тууы мүмкін. Қазақстанның билігі бұл іске міндетті түрде араласып, істің мән-жайын білуге әрекет етуі керек деген ойым бар", - деді Бапи.

Бұған дейін Украинаның Бас прокуратурасы Садықовқа жасалған қастандыққа байланысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталғанын хабарлаған еді. 

Айта кетейік, Айдос Садықов Украинада ресми босқын мәртебесін алған. 2023 жылдың қазан айында Садықовқа Қазақстанда "әлеуметтік, ұлттық, рулық, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздырғаны" үшін іздеу жарияланған болатын.


Рекомендовать
Последние новости