«Авторлық ауызша әдебиет» орталығы 52 жинақ шығарады

Dalanews 20 окт. 2021 04:22 1195

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті жанындағы «Авторлық ауызшы әдебиет» ғылыми-зерттеу орталығының құрылғанына  биыл 10 жыл толды. Осыған байланысты орталықтың директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Бекен Ыбрайымовқа жолығып, әңгімеге тартқан едік.

– Бұл құрылым 2011 жылы «Жамбылтану және халық ақындары» орталығы болып ашылды.  Алғашқы жылы ұйымдастыру, жұмыстарымен айналысып, 2012 жылдан бастап халық ақындарының мұраларын жинауға, зерттеуге кірістік.  Алғаш Жамбыл Жабаевтың төрт томдық жинағын әзірледік. Оған бұрынғы кітаптарына енбеген өлеңдерін, толғауларын, айтыстарын қостық. Әсет Найманбаевтың екі томдығын шығарып, университетте бұл кітаптардың тұсаукесерін өткіздік.

Уақыт өте келе ғылымдағы әдеби классификацияға байланысты «Жамбылтану және халық ақындары» деген атауды «Авторлық ауызша әдебиет» деп өзгертуге тура келді.

«Авторлық ауызша әдебиет» деген ұғымды қалай түсінуге болады?

– Мысалы, «Халық ауыз әдебиеті» деген атау ғылымда ежелден бар. Авторы белгісіз жалпы халықтың мұрасына айналған шығармалар жиынтығы фольклор деп аталатыны өзіңізге де белгілі. «Төкпе ақын», «Суырып салма ақын», «Импровизатор» деген ұғымдар бұрыннан бар және оның бәрі        «ақын»  деген бір ауыз сөзге сиып тұр.

Ал «Авторлық жазбаша әдебиет» дегеніміз жазба әдебиетке дейін туған, авторлары белгілі, қағазға түспей ауыздан-ауызға таралған, ел ішінде сақталған шығармалар жиыны. Мұндай әдебиет бізбен қатар, қырғыз, қарақалпақ елдерінде бар.

Бірнеше жүз жылдар ойрат-жоңғар  басқыншыларымен арпалысып, үш ғасыр Ресей империясының отарында болған біздің жазба әдебиетіміздің кеш дамуы заңды да. Сондықтан  біздің төкпе ақындарымыз, жыршы-жырауларымыз ел аралап, өз шығармаларын, өзіне дейінгі және сол кезеңдегі ақындардың жыр-толғауларын, дастандарын жырлап, халық арасына таратқан. Осының арқасында Алтайдан-Атырауға, Алтаудан-Арқаға дейін көсіліп жатқан ұлан-байтақ Ұлы Даланың иелері-біздің қазақтың тілі бір-біріне өте түсінікті, ешқандай айырмашылығы, диалектісі жоқ, сөздік қоры бай, құнарлы, көркемдік қуаты күшті біртұтас ұлттық тіл болып  қалыптасып, ауызша  авторлық әдебиетіміз  ел ішіне кең таралғаны бекер емес. Біздің орталық 10 жылда  Ұлы Даланың ана шеті мен мына шетіне дейін әр аймақтан шыққан аты белгілі ақындарымыздың баспа бетін көрмеген өлең-жырларын, толғаулары мен дастандарын жинастырып, бір сериямен 52 жинақ шығарады, 53-ші кітап баспада жатыр.

Қазір академиялық әдебиет және өнер институтының өлшемімен алсақ бұл 120 жылға татитын еңбек. Шығарған дүниелеріміздің ішінде Ақан сері Қорамсаұлының  3 томдығы, Әсет Найманбайұлының 3 томдығы, Балуан Шолақтың, Түбек Байқошқарұлының 2 томдық шығармалары бар. Өзіңіз ойлап қараңызшы, Балуан Шолақтың «Ғалия», «Көкшетау» сияқты әсем әндері бәрімізге бұрыннан таныс болғанымен, оның екі томның жүгін арқалайтын өлең-жырлары ел арасында әлі күнге өмір сүріп келгенін кім біліпті?! Ақан сері туралы да осылай деуге болады. Әйел ақындарымыздың шығармаларын да топтастырып, өзінше жинақ етіп шығардық.

Жазба әдебиетіміз қалыптасқанша авторлық ауызша прозамыз да кеңінен дамығанын біз осы жанкешті ізденістеріміздің үстінде анықтадық. Мысалы, Жамбыл Жабаевтың повесть, романға арқау болатын небір таңғажайып әңгімелері табылды. Жәкеңнің дәулескер күйші Дина Нұрпейісқызы өзіне сәлемдесуге  келгенде күн демей, түн демей ағыл-тегіл айтқан әңгімелері прозаның жауһар мұралары болып табылады. Бұл туралы Сәбит Мұқанов пен Сапарғали Бегалин де айтып кеткен. Жамбыл бабамыздың сол әңгімелерінің біразын жинақтарына енгіздік.

Бәке, міне, осынау аз ғана уақытта мұншама қыруар жұмысты атқаруға сізге көмекші болған кімдер екенін айтып өтсеңіз.

– Орталық алғаш ашылғанда маған өзімнен басқа бар болғаны екі-ақ штаттық бірлік берілді. Бір бірлікке Меруерт Сәттімбекова деген талантты қыз баланы, екінші штаттық бірлікті екіге бөліп, белгілі ғалым Рафат Әбдіқұлов пен Нұржұма Елесбайды жайғастырдым. Міне, осы кісілердің көмегі көп болды. Ал соңғы үш жылда штаттарым қысқартылып, өзім жалғыз еңбек еттім. Уақытпен санаспай таңғы сағат 9-дан түнгі сағат 1-2-ге дейін жұмыс істеймін деп денсаулығымды нашарлатып алған жайым бар. Көз-жанарымның көру қабілеті нашарлап қалды.  Дегенмен қазақ әдебиеті үшін жан аямай еңбек етіп, өлшеусіз көп мұраларды жарыққа шығарғаным үшін өзімді бақытты сезінемін.

Әңгімеңіге рахмет! Сізге таусылмас шығармашылық табыс тілеймін.

 

Сұқбаттасқан Мырзахан АХМЕТОВ, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Баспасөз орталығының қызметкері

Рекомендовать
Последние новости