Ауыр жол апаттарының алдын алу: Қазақстан жолдарына жаңа қоршаулар орнатылып жатыр

Қаракөз Амантай 11 июл. 2025 09:27

Қазақстанның республикалық маңызы бар тас жолдарында айналмалы роликтері бар жаңа типтегі барьерлік қоршаулар орнатыла бастады. Мұндай конструкциялар қазірдің өзінде Астана айналма жолында орнатылған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“ҚазАвтоЖол” ұлттық компаниясының баспасөз қызметінің мәліметінше, қоршаулардағы роликтер соққы кезінде сынбайтын, керісінше айналып, соқтығыстың күшін жұмсартатын берік материалдан жасалған.

“Көлік қоршауға соғылғанда, қатты соққы болмай, біртіндеп бағыт ауыстырып, бойлай жылжиды. Бұл әсіресе қауіпті тұстарда — күрт бұрылыстарда, түсіп-шығатын жерлерде және көру мүмкіндігі шектеулі аймақтарда аса маңызды”, — деді компания өкілдері.

Мамандардың айтуынша, бұл жаңалық ауыр апаттардың санын азайтуға сеп болмақ. Сонымен қатар роликті қоршаулар жеңіл соқтығыс кезінде оңай жөнделеді және дәстүрлі металл қоршауларға қарағанда әлдеқайда арзан түседі.

Ұлттық компания жаңа жүйе алғашқы нәтижелерін көрсетіп үлгергенін және алдағы уақытта республикалық маңызы бар жолдардың өзге де қауіпті учаскелерінде орнатылуы мүмкін екенін мәлімдеді.


Рекомендовать
Последние новости