Ауыл әйелдерін жұмыспен қамтыуға баса мән берілуде – министр

Dalanews 03 окт. 2023 12:02 1054

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова «Ауыл» партиясы ұйымдастырған Қазақстанның ауыл әйелдері форумында халықтың осы санатына көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары туралы айтты, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Министр сөз басында «Қазақстан – 2050» стратегиясында «Әйел – отбасының тірегі, демек, мемлекеттің тірегі» деп белгіленгенін атап өтті. Сондықтан мемлекеттік саясаттың маңызды басымдығы ана мен баланы қорғау болып табылады.

– Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізуде. Биыл әрбір қазақстандық отбасының мемлекеттік қолдау жүйесіне тең қолжетімділігін қамтамасыз ететін Әлеуметтік кодекс қабылданды. Оның нормалары өмірдің барлық кезеңдерін қамтиды, соның ішінде: туғаннан кәмелетке толғанға дейін әлеуметтік қолдау; еңбекке қабілетті жастағы жұмыспен қамту; еңбек қауіпсіздігі; әлеуметтік сақтандыру шаралары; өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек; егде жастағы барлық қолдаулар қарастырылған, – деді Светлана Жақыпова.

Ол балалары бар отбасыларды қолдау мақсатында Қазақстанда әлеуметтік көмек пен әлеуметтік сақтандырудың көп деңгейлі жүйесі жұмыс істейтінін айтты. Қазіргі уақытта отбасының табысына қарамастан тағайындалатын республикалық бюджеттен берілетін жәрдемақылар мен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдермен балалары бар 2,5 миллион отбасы қамтылған.

– Атап айтқанда, 575 мыңнан астам отбасы ай сайын бір жарым жасқа дейінгі бала күтімі бойынша төлем алады. Олардың жартысынан көбі ауылда тұрады. Сондай-ақ, 4 және одан да көп баласы бар 540 мың көпбалалы отбасының 280 мыңнан астамы (52%) ауыл тұрғындары. Бүгінгі күні «Алтын алқа», «Күміс алқамен» марапатталған аналардың 160 мыңы немесе 67% ауыл әйелдері.


Соңғы төрт жылда жыл сайын 400 мыңнан астам бала, соның ішінде 40%-ы ауылдық жерлерде дүниеге келді.  Отбасындағы үшінші, төртінші, бесінші және одан да көп балалардың туу көрсеткіші көтерілуде, оның нәтижесінде 2022 жылы жиынтық туу коэффициенті 3,05-ке жетті, – деді Светлана Жақыпова.

Министр мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған аналарға күндізгі бөлімдер, Оңалту орталықтары және үйдегі әлеуметтік көмек қызметтері сияқты арнаулы әлеуметтік қызметтерді ұсыну мәселесіне ерекше назар аударды.

– Бүгінгі күні ауылдық жерлерде осы қызметтерге мұқтаж 40 мыңнан астам мүгедектігі бар бала тұрады. Аталған орталықтарға қол жетімділік шектеулі болғандықтан, ауылдық жерде тұратын әйелдерге қызмет түрлерін кеңейту және сапасын жақсарту мәселесі маңызды. Қазіргі таңда барлығы 119 ұйым жұмыс жасауда, 7 мыңнан астам бала қызмет алып отыр.

Жаңа саясат арнаулы әлеуметтік қызметтер стандарттарын қайта қарауға және 2025 жылдан бастап жан басына шаққандағы нормативті енгізуге бағытталатын болады. Бұл өзгерістер, бір жағынан, кейбір жеке қызметтерді монетизациялауға, ал екінші жағынан, жеке секторды тарту арқылы саланың инфрақұрылымын ауылдық жерлерге дейін жеткізуге мүмкіндік береді, – деді ЕХӘҚМ басшысы.

Зейнетақымен қамсыздандыруға тоқталған Светлана Жақыпова елде 2,3 млн зейнеткер, оның ішінде 1,5 млн әйел тұратынын және олардың 63%-ы (940,6 мың) ауылдық жерлерде тұратынын атап өтті.

Ауыл әйелдері орташа есеппен мемлекеттен 104 мың теңге көлемінде зейнетақы алады, бұл орташа республикалық мөлшерден 13% - ға төмен.

– Бүгінде барлық деңгейдегі зейнетақылардың (базалық, ынтымақты зейнетақы, жинақтаушы зейнетақы) мөлшері еңбек өтіліне тікелей байланысты екендігіне назар аударғым келеді. Еңбек өтілі 30 жылдан асатын жұмыс істейтін әйелдер, әрине, жоғары ынтымақты және жинақтаушы зейнетақы алады.


Ынтымақты зейнетақы мөлшері жыл сайын төмендейтінін атап өту маңызды, өйткені оларды тағайындау кезінде еңбек өтілі 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін, яғни жинақтаушы жүйе енгізілгенге дейін ескеріледі. Бұл төмендеу міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылатын жинақтаушы зейнетақымен өтелуге тиіс. Алайда, ерте зейнетке шыққан кезде ауыл әйелінің зейнетақы жинақтары жеткіліксіз болады.

Біздің бүгінгі міндетіміз – аталған әйелдерді жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен барынша қамту, олар Президент жариялаған зейнетақыны арттыру жөніндегі шаралармен бірге болашақта зейнетақының барабар мөлшерін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деп атап өтті министр.

Светлана Жақыпова Әлеуметтік кодекске сәйкес мемлекет кемсітушіліктің кез-келген түрінен қорғауға және кәсіп пен жұмыс жасау мүмкіндіктерінің теңдігіне, жұмыспен қамту және еңбек жағдайларын таңдауға негізделген халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын қамтамасыз ететінін айтты.

– Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде осы жылдың 1 қыркүйегіне жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен 278 мың әйел, оның ішінде 138 мың ауыл әйелдері қамтылды. Барлығы 180 мың әйел жұмысқа орналастырылды, оның ішінде 82 мыңы тұрақты жұмысқа, 98 мыңы мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарына орналастырылды, бұл жұмысқа орналастырылғандардың жалпы санының 60%-дан астамын құрайды, – деді ол.

ЕХӘҚМ басшысы 2022 жылы оқудан кейін 13 мыңға жуық әйел грант алғанын атап өтті. Олардың 58 %-ы техникалық құралдар мен тауарлар және қызмет көрсету үшін қажетті инвентарьларды алды, ал 31 %-ы төрт түлік малын сатып алып, мал шаруашылығымен айналысуда.

– Кәсіпкерлік бастамаларды қолдау жұмыстары жалғасуда. Мәселен, биыл 5 316 грант берілсе, оның 2 223-ы ауылда тұратын әйелдерге берілген, бұл мемлекеттік грант алған әйелдердің жалпы санының 65%-дан астамын құрайды. Қазір жергілікті атқарушы органдар үшінші лек шеңберінде гранттар беру бойынша жұмыс жүргізуде.


Бұдан басқа, зейнеткерлік жасқа дейінгі әйелдерді жұмыспен қамту үшін жұмыс берушілер ұсынатын бос жұмыс орындарына 50 жастан асқан адамдарды жұмысқа орналастыруды көздейтін «Күміс жас» жобасы іске асырылуда. Жоба аясында биыл 14 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды, олардың жартысын әйелдер құрайды, – деп толықтырды министр.

Қорытындылай келе Светлана Жақыпова Еңбекминімен барлық әлеуметтік төлемдерді шоғырландыру мәселесі зерттеліп жатқанын және атаулы әлеуметтік көмек көрсету тетігін жетілдіру бойынша жұмыс басталғанын хабарлады. Жүргізіліп жатқан жұмыс барысында негізінен мұқтаждардың атаулылықты қамтамасыз ете отырып, төлем түрлерін жүйелеуге бағытталатын болады.

 

Рекомендовать
Последние новости