Солтүстік Қазақстан облысында ауыл әкімінің ғимарат ішінде ішкиім сатуына рұқсат бергені үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды. Анығы – әкімдік ғимаратында пошташы болып жұмыс істейтін көп балалы анаға шұлық пен ішкиім сатуға мүмкіндік бергені үшін әкім жазаланған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Прокуратура тексерісінен кейін іс қозғалды
Tengrinews.kz мәліметінше, СҚО этика кеңесінің хатшылығы Ақжар ауданы прокуратурасының материалдарына сүйеніп, қызметтік тергеу жүргізген. Тексеріс нысаны – Ақжар ауданы Кіші Қараой ауылдық округінің әкімі Ботагөз Сабирова болды.
Кеңес отырысында айтылғандай, Бостандық ауылындағы бір қабатты әкімдік ғимаратында кітапхана, учаскелік полицей, ветеринар және пошташының кабинеттері орналасқан. Прокуратура пошташының заң талаптарына қайшы түрде саудамен айналысқанын, яғни балалар киімі, шұлық және ішкиім сатқанын анықтады.
«Кіші Қараой ауылдық округі әкімінің аппараты орналасқан КММ ғимаратында пошта қызметкері заңсыз түрде тауарлық-материалдық құндылықтармен сауда жүргізген», – деді СҚО мемлекеттік қызмет істері департаментінің мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының бас маманы Әсемгүл Бегалина.
Пошташыға айыппұл салынды
Бегалинаның айтуынша, пошташы 24 сәуірде ӘҚБтК-нің 204-бабы (белгіленбеген жерде сауда жасау) бойынша ескерту түрінде әкімшілік жауапқа тартылған. Ал 12 мамырда Ақжар аудандық соты оны 463-бап (тіркеусіз немесе рұқсатсыз қызметпен айналысу) бойынша кінәлі деп тауып, 58 980 теңге айыппұл салған.
Әкім кінәсін мойындады
Қызметтік тергеу кезінде әкім Ботагөз Сабирова кінәсін мойындап, жағдайды түсіндірді. Ол 2024 жылдың 3 желтоқсанында қызметке келгенін, кейін ғимараттарды түгендеу кезінде пошташының сауда жасап жүргенін білгенін айтты. Алайда ол әйелге жанашырлық танытып, сауданы тоқтатпаған.
«Онда бар болғаны бес шаршы метр ғана жер бар, тіпті сауда жасауға лайық емес. Иә, балалар киімі, шұлық, ішкиім сатылған. Пошташының төрт баласы бар, күйеуі механизатор болып маусымдық жұмыс істейді. Әйелдің айлығы бар болғаны 40 мың теңге», – деді әкім.
Қатаң жаза қаралса да, жеңіл жаза қолданылды
Заңсыз табыс табуға жағдай жасағаны үшін әкімге қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту не қызметінен босату жазасы қолданылуы мүмкін еді. Алайда этика кеңесі әкімнің жағымды сипаттамаларын және адамгершілік факторын ескеріп, жеңіл жаза ұсынды.
«Әкім туралы жақсы пікір көп, жағымды сипаттама берілген. Сонымен қатар, бұл жерде адамдық фактор да бар – төрт баланың анасы қосымша табыс табуға тырысқан. Дегенмен мемлекеттік қызметкер заңды бұзды және кінәсін мойындады. Сондықтан толық емес қызметтік сәйкестік туралы ескерту берумен шектелуді ұсынамыз», – деді кеңес мүшелері.
Кеңес қорытындысы бойынша, барлық мүшелер бірауыздан ескерту беру туралы шешім қабылдады.