Атышулы Нұржан Әлтаевтың ісі бойынша сот тыңдауы басталды

Dalanews 31 окт. 2023 14:36 935

Астанада 2018-2019 жылдар аралығында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі болған Нұржан Әлтаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша алдын ала сот тыңдауы өтіп жатыр. Істі судья Айжан Құлбаева қарап жатыр.

Оған қылмыстық кодекстің 366-бабының 4-бөлігі – аса ірі мөлшерде ақша түрінде пара алды деген айып тағылған.

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты таратқан ақпаратқа сәйкес, Нұржан Әлтаев 2018 жылдың ақпанынан 2020 жылдың шілдесіне дейін «Атамекен» ҰКП мүдделері үшін тиімді ресми шешім қабылдауға ықпалдасып, делдал арқылы Абылай Мырзахметовтен пара ретінде жалпы сомасы 50 млн теңгеден астам (115 мың АҚШ доллары және 8 млн 150 мың теңге) ақшалай қаражат алды деп айыпталып отыр.

Қылмыстық іс 15 томнан тұрады, іс бойынша 18 куәгер бар. Бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 2023 жылдың 7 маусымында экс-вице-министр Нұржан Әлтаевты аса ауыр жемқорлық қылмысын жасады деген күдікпен ұстады.


«Әлтаев 2018-2019 жылдар аралығында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі бола тұра, жүйелі түрде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовтен пара ретінде ай сайын 5 000 АҚШ доллары мөлшерінде ақша қаражатын алып отырды деген күдікке ілінді.Кейіннен Әлтаев 2019-2020 жылдар аралығында Парламент мәжілісінің депутаты лауазымын атқарып, Мырзахметовтен пара алуын жалғастырған. Жалпы алғанда, ол пара ретінде 135 000 АҚШ долларын алды.Алынған пара Нәтижелі жұмыспен қамтуға және жаппай кәсіпкерлікті дамытуға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша мемлекеттік тапсырысты алуға жәрдемдесуге, сондай-ақ Әлтаев жетекшілік ететін салаларда Мырзахметовке жалпы қамқорлық және мүдделеріне лобби жасауға бағытталған», – делінген агенттік таратқан ақпаратта.

Айта кетейік, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 10 мамырда «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бұрынғы басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовті ұстады.

Рекомендовать
Последние новости