Атырауда қайырымдылық жасаған болып, жұртты алдаған блогер сотта жауап беріп жатыр

Сағыныш Сардарова 02 авг. 2025 10:15

Атырауда әлеуметтік желіде жалған лотерея мен қайырымдылық науқанын ұйымдастырып, алаяқтық жасады деп айыпталған блогердің соты басталды. Айыпталушы ондаған адамды алдап, қомақты қаржы жинап алғанымен, берген уәдесінің бірде-бірін орындамаған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Тергеу мәліметіне сәйкес жергілікті блогер әлеуметтік желі арқылы өзінің парақшасын белсенді түрде жарнамалап, түрлі лотереялар мен байқаулар өткізген. Оның ішінде бағалы әшекей бұйымдар, тұрмыстық техника, "ақылды швабра", тәтті тағамдар секілді түрлі заттар ойнатылған. Сонымен қатар, ол көпбалалы отбасыларға көмек ретінде қаржы жинап, көпшіліктен ақша сұраған.

Ұйымдастырған шараларға қатысу үшін қолданушылар блогердің жеке шотына ақша аударып отырған. Бірақ салған ақшалары үшін ешқандай сыйлық алмаған, қайырымдылық көмегі де жүзеге аспаған.

Қазір бұл іс бойынша 68 адам зардап шегуші ретінде танылған. Солардың бірі 485 мың теңге аударып, үлкен ұтыстан үміттенгенін айтып отыр.

Блогердің ісі Қылмыстық кодекстің 190-бабының 3-бөлігі ("Аса ірі көлемдегі алаяқтық") бойынша қаралып жатыр. Күдікті бастапқыда қамауға алынып, кейін үйқамаққа ауыстырылған. Бұл шешім алданған тұрғындардың наразылығын туғызды.

Алғашқы сот отырысында блогер әйел есінен танып құлап, жедел жәрдем шақырылды. Бірақ сотқа келгендердің көбі бұл жағдайға күмәнмен қарап отыр:

"Сот бастала салып есінен танып қалуы қалай? Осынша адамды алдаған ол неге үйінде отырады? Тергеу изоляторында отырсын", – дейді зардап шеккендер.

Айыпталушының туыстары оның қатты күйзеліске түсіп, істеген ісіне өкінетінін айтты. Қазірдің өзінде ол зардап шеккендерге келтірілген шығынның бір бөлігін өз еркімен өтей бастаған.

Бұл жағдай әлеуметтік желілерде үлкен талқыға түсіп, жұртшылық жалған қайырымдылықты жеке бас пайдасына пайдаланатындарға жазаны қатаңдатуды талап етіп отыр. Сондай-ақ, көптеген адам айыпталушының парақшаларын бұғаттауды ұсынып, оның жаңа қолданушыларды алдап соғуына жол бермеу керек екенін айтты.

Сот ісі жалғасып жатыр. Келесі отырыс алдағы күндерге белгіленді.


Рекомендовать
Последние новости