Атырауда 9 жастағы қыздан “жын шығармақ” болған: Министрлік оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады

Қаракөз Амантай 10 янв. 2025 09:50 626

Оқу-ағарту министрлігі Атырау облысында 9 жастағы қыздан жын шығармақ болған емшінің оқиғасына байланысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Министрлік аталған жайт үлкен алаңдаушылық тудырғанын ерекше атап өтті.

“Атырау облысында болған оқиғаға бей-жай қарауға болмайды. ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті бұл жағдайды өз бақылауына алды”, – деп хабарлады министрліктің Балалар құқықтарын қорғау комитетінің баспасөз қызметі.

Ведомствоның мәліметінше, қазіргі уақытта балаға қажетті көмек, соның ішінде кәсіби психологиялық қолдау көрсетіліп жатыр. Сонымен қатар оқиға орнында балалар құқықтары жөніндегі аймақтық уәкіл жұмыс істеп жатыр.

“Бала денсаулығы мен әл-ауқатына қауіп төндіретін кез келген әрекетке жол берілмейтінін ерекше атап өткен жөн. Министрлік балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған заңдар мен нормаларды қатаң сақтау қажеттігін еске салады”, – деп қорытындылады комитет өкілдері.

Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желіде кішкентай қыздан “жын шығарып“ жатқан видео тарады. Бұл мәселе құзырлы органдардың назарын аудартты.

Кадрларда ер адам қыздың есімін, жынысын, не үшін кіргенін, кім жібергенін, жасын сұрайды.

“19-дағы Ләззат, мың жылдықсың ба, жүз жылдықсың ба? Ішіңде нешеу?” — деп сұрайды ер адам кішкентай қыздан.

Видеода қыз сұрақтарға жауап беріп, жылап жатқаны көрінеді.

БАҚ пен желіде видеодағы емшінің есімі Кейқуат Оспанов екені айтылады.

Мәселеге Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева пікір білдірді.

“Емші кәмелетке толмаған балаға рәсім жасаған бейнежазбаға қатысты. Аталмыш іс бойынша ІІМ, өңірлік уәкілдермен жұмыс істеп жатырмыз. Емшінің жеке басы мен баланың тұрып жатқан жері алдын ала анықталды. Ақпарат тексеріліп, мән-жай анықталуда”, — деді ол.


Рекомендовать
Последние новости