Атырау мұнай өңдеу зауытындағы қырық пышақ дау: басшылыққа қатысты тергеу жүргізіледі

Сағыныш Сардарова 28 февр. 2024 09:53 3475

Атырау мұнай өңдеу зауытындағы жанжал көптің назарын аудартты. Дәлірек айтсақ, басшылық құрам өз ішінен қырық пышақ болды. Енді зауыттың басшылығына қатысты тергеу жүргізілетін болды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қаржы мониторинг агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті өңірлік прокуратурамен бірлесіп жұмыстарды бастады.

"Атырау мұнай өңдеу зауыты" ЖШС басшылығына қатысты мемлекетке аса ірі көлемде залал келтіру түріндегі ауыр зардаптарға әкеп соққан лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану дерегі бойынша соталды тергеу жүргізіледі", - деп жазылған Қаржы мониторинг агенттігі мәліметінде.

Ведомство өкілдері бұл жайтқа қатысты өзге ақпарат жарияланбайтынын мәлімдеді.

Алайда Атырау мұнай өңдеу зауытындағы дау бүгін басталып отырған жоқ. Бұған дейін де бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желіде бұл мәселе қызу талқыға түсті.

Зауыттың атқарушы директоры Ғалымжан Жусанбаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдап, "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының басшылығы оған зауыттағы жағдай туралы бұқаралық ақпарат құралдарында сөйлеуге тыйым салғанын мәлімдеген болатын.

Кейін даулы жайт жұмыстан босатумен жалғасты. Атырау мұнай өңдеу зауытының бас директоры мен бас инженері қызметінен босатылды. "ҚазМұнайГаз" комиссиясының жұмысынан кейін осындай шешім қабылданды.

"Атырау мұнай өңдеу зауытының бас директоры Ғалымжан Жусанбаев пен бас директордың орынбасары – бас инженер Әділет Шошанбасовты қызметтерінен босату туралы шешім қабылданды. Бас директордың міндетін атқару әрі қарай шешім қабылданғанға дейін Атырау мұнай өңдеу зауыты бас директорының орынбасары – техникалық директор Олег Александрович Лызловқа жүктеледі", - деп мәлімдеген еді компанияның баспасөз қызметі өкілдері. 

Айта кетейік, Ғалымжан Жусанбаев бір айдан аса уақыт бойы Атырау мұнай өңдеу зауытында басшы болған. Ол бұл қызметке келіп, жұмысты аудиттен бастаған. Ал 15 ақпанда циркуляциялық компрессор тоқтағанын анықтаған, өйткені ол  жылдар бойы жоспарлы жөндеусіз жұмыс істеп түрған. Бұл жөндеуге келісім-шарт аффилиирленген компаниялар тобының жеткізушісімен арада жасалған.

Дегенмен зауыттың экс-басшысы 18 ақпаннан бері үйінде ем алып жүрген. Қызметінен кеткені туралы әлеуметтік желіден білген. Жусанбаевтың өзі жұмыстан кетуін заңсыз деп санайды.


Рекомендовать
Последние новости