Атастыру салтының астары

Dalanews 17 нояб. 2017 04:57 2043

Анығында, «атастыру» деген сөздің астарлы мағынасы байлау дегеннен шыққан екен. Жылқы баққан, атқа мінген қазақ бұл сөзді жиі қолданған. Атастыру, демек, екі адамды, екі руды, екі елді, қауымды бір-біріне байлау.

Қазақтың күнделікті тұрмыс-тіршілігінде атастыру ұлы-қызы бар екі азаматтың құда боламыз деген ауызша уәдесі, рулы елдің басшы ақсақалдарының ұйғарымы арқылы басталады да құда түсумен тиянақталады. Құда түсудің бірнеше түрі болады. Қазақ бала бесіктегі кезінен бастап құда түсе береді (бесік құда т.б.). Бесік құда сирек кездеседі.

Көбінесе жігіт ер жетіп қалған уақытта оның өзі, әкесі мен шешесі, ағасы мен жеңгесі, жақын ағайындары өздеріне лайық жерден қыз қарай бастайды. Мұндайды қазақ «тең-теңімен, тезек-қабымен» дейді, яғни, екі жақтың әлеуметтік жағдайы бір-біріне сәйкес болуы керек. Қазақ халқы ежелгі заманнан бері үйленуге аса маңыз береді және үй болуды жігіт пен қыздың бір-бірін өліп-өшіп жақсы көруі, екі арадағы махаббат сезімі деген уақытша құбылыстармен байланыстырмайды. Қазақ үшін үйлену – аса маңызды әлеуметтік қадам, үй болу мемлекет құру сияқты аса жауапты шаруа болып табылады. Оның ережелері «қатын алма – қайын ал», «жігіттің жақсы болмағы – нағашыдан» сияқты қағидалармен бекітілген.

Құда түсу «қыз айттырудан» басталады, яғни ұнатқан, өздерімен сыйлас, қатарлас және бойжеткен қызы бар ауылға арнайы «жаушы» аттанады. Ұлына жар таңдаған әке жақсы ниетті білдіру үшін қалыс адамды «жаушы» етіп жібереді. Жаушы сөзін: “Сізде лашын бар, бізде сұңқар бар”, — деп бастап, құда болғылары келетінін айтады.  Егер қыздың ата-анасы бұл ұсынысты қабыл алса, қыз әкесі жаушы арқылы күйеу әкесінің туыстарының «құда түсер» мезгілін айтады.

Жаушыдан кейін құда түсу болады, ол кездесуге жігіт жағынан бірнеше сыйлы, туыс адамдар барып, қалың мал мөлшерін, жасау құнын т.б. мәселелерді келіседі. Бір ескертетін мәселе: жасау жігіт жағынан келген қалыңмал мөлшеріне шамалас, кейде онан да асып түседі. Себебі, оған отау үй, жиһазы, киім-кешек т.б. кіреді.

Құдалыққа жіберілген адамдарға «қарғыбау» кәдесін тартады, құдалықты бекітер кәдесін: ат пен шапан береді. Құда түсіп, құйрық-бауыр жескеннен кейін ғана құдалық уағда бекиді. Ең бағалы сый күйеуді әкесіне немесе оның орнындағы адамға тартылады. Уәденің белгісі ретінде қонақтардың алдына жіңішке етіліп кесілген құйрық пен бауыр қойылады. «Құйрық-бауыр» ең алдымен жігіт туыстарына, сонан соң,  қыз туыстарына беріледі. Құда түсу тойында құтты болсын айтып келген әйелдер құдаларға арнап шашу шашады.

Енді атастырудың институционалды, яғни заңдастырылған құбылыс екенін дәлелдеу үшін бірнеше әдет-ғұрып ережелеріне көңіл бөлейік:

  1. Егер «қарғыбауы» беріліп, сөз салып қойған жігіт жағы келісімді бұзып, басқа біреудің қызына құда түспек болса, онда келісімді бұзған кінәлі жақ ат-тон айып төлейді және бүкіл киітті қайтарады.

  2. Егер алдында құдаласып, кейін басқа біреуге үйленбекші болып, келісімді бұзса, онда келісімді бұзған жақ бір түйе бастатқан тоғыз айыпты төлейді. Бірінші, құда түскен қалыңдықты алып, бәйбіше атандырып барып қана екіншісіне үйленуге хақы бар.

  3. Қалыңмалдың негізгі бөлігі немесе барлығы өтелген соң ғана күйеу жігіт қалындық ойнауға барады («ұрын бару»). Күйеу жігіттің бұл келуі бірінші келу болғандықтан қалыңдық жағынан жеңгелері той (бастаңғы түрінде) жасайды.

  4. Егер күйеу қалыңмалын өтемей, ұрын бармай, қалындық аулына келе қалса, онда оның атын тартып алып, ісін әдепсіздікке жатқызып, өзін жаяу жібереді.

  5. Егер ұрын барғанда қалындық аулында болғысы келсе, күйеу шатыр тігіп бір апта, тіпті бір ай жатуға еркі бар. Ұрын тойдан кейін күйеудің қалындық ойнап барып тұруына хақы бар.

  6. Күйеу жігіт қалыңдықтың ұзатылу тойына дейін жақындыққа баруға хақы жоқ.

  7. Егер күйеу ұрын тойда қалыңдығын пәктігінен айырған болса, неке жаулық төсеген жеңгелерге кәдесін береді.

  8. Ұрын тойға келіп кеткен күйеу қайтыс болса, онда туыстары қалыңдықты марқұмның аулына қайғылы күйде аза кәдесімен бірге әкеледі. Осындай қалындық /жесір/ күйеуін жыл бойы жоқтап, сонан соң, оның інісіне немесе ағасына, тіпті болмаса, жақын туысына тұрмысқа шығады.

  9. Неке қиюды қалыңдық ауылында молда өткізеді. Ол жігіт пен қыз жағынан кәде алып /алтын жүзік, сақина, садақ жебесі/ оны су құйылған сырлы тостағанға салады. Жігіт пен қалындық, олардың туыстары неке қияр суды ішуі жұбайлық өмірдің басы болып саналады.

  10. Неке қиярдың орнына жігіттің үлкен шаңырағында отқа май құю, шалқып жанған отқа үш рет тәжім ету (басын жерге тигізіп) салтанаты жүреді.

  11. Отқа «май ана, от ана жарылқа» деп сөйлеп тәжім жасайды, үлкен әйелдер оттың жалынына алақандарын тосып келіннің бетін сипайды. Осыдан кейін келінді жұмсақ иленген терінің үстіне отырғызады.

  12. Келін үлкен үйге бірінші рет енерде «үй айналдыру» деген болады. Қайын енесі тірі тұрғанда келін төрге шықпайды. Қайын енесі қайтыс болғанда келін отқа тағы да май құяды, одан әрі төрге шығуға рұқсат етіледі.


Жамбыл АРТЫҚБАЕВ,

Тарихшы-этнограф

 

Рекомендовать
Последние новости