Астанадағы жауын-шашын суын шығару мәселесін шешуге 250 млрд теңге қажет — министрлік

Қаракөз Амантай 01 апр. 2025 10:57 502

Астанадағы су тасқыны проблемасын шешу үшін шамамен 200-250 млрд теңге қажет. Бұл қаражатқа 2025-2030 жылдары 412 шақырымдық нөсер кәріз жүйесін, 7 тазарту құрылғысын, 35 сорғы станциясын салу және 2 тазарту құрылғысын қайта жаңарту жоспарланған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл туралы ҚР Индустрия және құрылыс министрлігі KazTAG редакциясының сұранысына жауап ретінде мәлімдеді.

Министрлік өкілдерінің айтуынша, жаңа Су кодексінде нөсер, еріген және тасқын суларды жинау үшін су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану қарастырылған. Бұл су ауыл шаруашылығы қажеттіліктеріне бағытталатын болады.

Жаңадан енгізілген өзгерістерге сәйкес, елді мекендерді нөсер және еріген сулардың басу мәселесін шешу үшін жаңа Су кодексінде “Елді мекендердің нөсер (дренаж) кәріз жүйелері”атты арнайы бап енгізілген. Бұл бапта жүйеге келіп түсетін су көлемін есептеу, сондай-ақ нөсер, еріген, инфильтрациялық, суару және дренажды суларды бұру мен тазарту қызметтерінің құнын есептеу нормалары қамтылған.

Бұдан бөлек, жаңа Су кодексі аясында нөсер кәріз жүйелерін салу, жаңарту және пайдалану бойынша құрылыс нормалары мен ережелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген.

Қазіргі таңда Астананың нөсер кәріз жүйесі 18 тазарту құрылғысынан, бір жинақтау тоғанынан және 611 шақырымдық магистральді коллекторлардан тұрады. Бұл жүйе 16,7 мың гектардан астам аумақтың үстіңгі суларының ағуын қамтамасыз етеді. Дегенмен қалада су басу қаупі жоғары проблемалық аймақтар әлі де бар.


Рекомендовать
Последние новости