Елордада болған автобус апатынан 8 жасар Алуа ауыр жарақат алып, қос аяғынан айырылды. Журналистер осыған байланысты қала әкімі Жеңіс Қасымбекке бірнеше сұрақ қойды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
– Бұл қайғылы жағдайға кім жауапты?
– №1 автопаркке қарасты автобустардың техникалық жай-күйі қандай?
– Жолаушылар қауіпсіздігіне тағы қандай қауіптер бар?
Әкім бұл мәселеде асығыстыққа жол бермей, тергеу қорытындысын күтуді сұрады.
"Кінәліні анықтау — тергеу органдарының құзырында. Менің білуімше, автобус жүргізушісі – тәжірибелі маман, көп жылдан бері осы салада жұмыс істеп келеді. Қазір ол тергеліп жатыр. Сондықтан нақты шешім шықпайынша, қорытынды айту ерте", – деді Жеңіс Қасымбек.
Әкімнің айтуынша, қазіргі таңда қала автопаркі 700-ге жуық жаңа автобуспен толыққан. Бұл автобустар – әлемнің түрлі елдерінде қолданылатын, сапалы техника.
"Апаттың алдын алуға тырысқанымызбен, толық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мүмкін емес. Қоғамдық көлік қозғалысы – өз ішінде тәуекелі бар сала. Мұндай жағдайлар бұған дейін де болған. Бірақ тергеу аяқталған соң кінәлілер заң аясында жазаланады", – деді әкім.
Алуа мен отбасына көрсетіліп жатқан көмек
Журналистер апаттан зардап шеккен Алуа мен оның анасына қандай көмек көрсетіліп жатқанын да сұрады.
"Отбасына әкім орынбасары бірнеше рет барды. Кеше де, бүгін де жағдайымен танысып қайтты. Сақтандыру арқылы шамамен 20 млн теңге бөлінеді. Әкімдік алғашқы 10 млн теңгені беріп, тағы 10 млн беруді жоспарлап отыр. Сонымен қатар, бұл отбасыға пәтер де беріледі. Мұны ресми түрде мәлімдеймін", – деді Жеңіс Қасымбек.
Айта кетейік, №1 автопарк те мәлімдеме жасап, апатқа ұшыраған автобус жүргізушісінің тәжірибелі әрі сенімді маман екенін, бұған дейін оған ешқандай шағым болмағанын жеткізді.
Апатқа қатысты бейнежазбаны Алуаның туыстары ашқан @help.aluabeken парақшасынан көруге болады.