Қаржылық мониторинг агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті электрон тұтыну жүйелері (вейптер), хош иістендіргіштер мен оларға арналған сұйықтықтардың заңсыз айналымын жүргізген ірі көтерме желінің қызметін тоқтатты,- деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Жедел іздестіру іс-шаралары нәтижесінде 5 қойма анықталды. Тінту барысында 490 мыңнан аса вейп тәркіленді, олардың сатылымынан түсетін кіріс 6 млрд теңгеден асуы мүмкін еді", - деді ҚМА өкілі.
Бұдан бөлек күдіктілер қылмыстық жолмен алынған кірісті заңдастыру схемасын ұйымдастырған.
"Олар ірі сомаларды қолма-қол ақшаға айналдыру және қылмыстық жолмен келген ақшаның ізін жасыру мақсатында банк карталары өз атына ресімделген адамдарды, яғни дроперлерді пайдаланған. Қылмыстық табыстың бір бөлігі шетелден кофе жеткізуге арналған мәмілелерге жұмсалған, жалпы сомасы 92 млн теңгеден асады", - деді ҚМА өкілі.
Заңсыз бизнестің ұйымдастырушыларына іздеу жарияланды. Тергеу жалғасып жатыр.