Мұхтар Жәкішев Instagram-дағы парақшасында қазақстандықтарға ескерту жасап, өз атынан соңғы уақытта "Қазатомөнеркәсіптің" кейбір жобаларын, өз технологияларын, өз жобаларын жарнамалайтын және үлкен табысқа кепілдік бере отырып, оларға ақша салуды ұсынатын көптеген жарнамалар пайда болғанын айтады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Мұның бәрі шіли өтірік, бәрі таза жалған. Мұндай жарнамаға сеніп, ермеңіздер. Егер бір жерде ақша салуға шақырған хабарлам немесе видеомды көрсеңіздер, оны өшіріп тастаңыздар, себебі ондағы адам мен емес", - дейді "Қазатомөнеркәсіптің" бұрынғы басшысы.
Ол алаяқтардың өзінің интернеттегі кез келген сұқбатын қиып алып, жасанды интеллектінің көмегімен қажетті мәтін немесе дауысты қолданатынын айтады.
"Біз мұндай жарнаманың түп-төркінін табуға тырысып көрдік, әрқайсысында әрдайым әрқалай жағдай, бірде Испаниядан, бірде Ұлыбританиядан анықталады, осы алаяқтық схемалар үшін арнайы ашылатын бір күндік компаниялар да болады, сондықтан мұндайға иланып қалмаңыздар", деп үндейді Жәкішев.
Ол нығырлап тұрып, тағы да бір мәрте өз сөзін былай нақтылайды: "Менің атымнан адамдарды кейбір жобаларға немесе ұйымдарға ақша салуға шақыратын видеолар жалған. Оларға сенудің қажеті жоқ".
Бұған дейін Қазақстандағы ақпараттық кеңістікте дипфейк технологиясымен жасалған жалған видеолардың жаңа толқыны тарап жатқанын ескерткенбіз. Осындай алаяқтық схемаға ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу де ілінген болатын.