Елордада ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған инклюзивті білім беру кеңістігі жыл сайын кеңейіп келеді. Қазіргі таңда Астана қаласында 4 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті, 2 оңалту орталығы және аутизм спектріндегі балаларды қолдау мақсатында 2 арнайы орталық жұмыс істейді,- деп хабарлайды Dalanews.kz
Жыл сайын бұл мекемелерде 4 000-нан астам бала кешенді түзету көмегін алады.
Инклюзивті бағыттағы жұмысты одан әрі күшейту мақсатында 2025 жылдың сәуір айында елордада №5 психологиялық-педагогикалық түзету орталығы өз жұмысын бастады. Бұл орталық 0 жастан 18 жасқа дейінгі ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған. Атап айтқанда, мектепке дейінгі ұйымдарға бармайтын, арнайы немесе жалпы біліммен қамтылмаған балаларға жан-жақты көмек көрсетіледі.
№5 орталық психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация (ПМПК) қорытындысы негізінде келесі санаттағы балалармен жұмыс жүргізеді:
• көру және есту қабілеті бұзылған;
• сөйлеу қабілеті дамымаған немесе тежелген;
• тірек-қимыл жүйесінде ақауы бар;
• психикалық дамуы кешеуілдеген;
• ақыл-ойында ауытқуы бар;
• мінез-құлқы мен эмоциялық-еріктік салада қиындықтары бар балалар.
Орталықтың жобалық қуаты — 100–150 бала, ал жыл сайынғы қамтылу көлемі — 300–350 бала. Мұнда 9 мамандандырылған кабинет жұмыс істейді. Балалармен логопедтер, дефектологтар, психологтар, бейімделген дене шынықтыру (АФК) мамандары, музыкалық ырғақ нұсқаушылары, сурдопедагог пен тифлопедагогтар жұмыс істейді.