Астанада биыл алғаш рет әуесқой желаяқтар арасында жарыс өтті

Dalanews 08 апр. 2024 11:56 1774

Астана төріндегі «Триатлон» саябағында 5 шақырымды құраған маусымның алғашқы жарысы өтті, деп хабарлайды Dalanews.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Биыл далада алғаш рет ұйымдастырылған турнирде 500-ден астам әуесқой желаяқ бас қосты.

«Astana run – 4 кезеңнен тұратын әрі қаланың түрлі жерінде өтетін ерекше сайыс. Кейінгі жылдары Астана қаласына көшіп келушілердің саны бойынша көшбасшылардың қатарына кіреді. Сондықтан, дәстүрлі бәсекеміздің әр кезеңінде шамамен 30% қатысушы бірінші рет қатысады. Олар тек жүгіріп қана қоймай, хоббиіне сәйкес адамдармен танысып, қалаға тез сіңісіп кетеді», - дейді жарыс ұйымдастырушы Жанат Қожахметов.

Жүгіруді жаны сүйетін әуесқой желаяқтар жылдың 4 мезгілінде жүгіріп, әр кезеңде қаланың сәніне айналған ғимараттары, сәулеттері бейнеленген медальды иеленеді.

Жарыс барысында ересектер 18-29, 30-39, 40-49, 50-59, 60 жастан жоғары санатта жеңімпаздарды анықтаса, 3-9 жас аралығындағы балалар 400 метр, 10-17 жастағы жасөспірімдер 1 шақырымға жүгірді.

«2019 жылдан кейінгі ресми алғашқы жарысым. Салыстырмалы түрде жүгіру соңғы кезде трендке айналды. Алайда осындай үрдіс моно қалаларда да жалғасын тапса екен деймін. Себебі, кіші қалаларда жүгіру, велосипед жүргізу әлі салауатты өмірдің бір бөлшегі ретінде толыққанды саналмайды», - деді Асыл есімді  қатысушы.


Рекомендовать
Последние новости