Астанада әйгілі дәрігер мастер-класс өткізді

Dalanews 16 мар. 2023 12:56 944

Астана қаласындағы №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасының базасында балалар урологиясындағы күрделі жағдайлар бойынша мастер-класс ұйымдастырылып, дәрігерлердің біліктілігі шыңдалды.

Мастер-класс әлемге әйгілі балалар урологы Имран Муштактың (Грейт-Ормонд-стрит (GOSH), клиникасының балалар урологиясы бойынша кеңесшісі, Лондондағы балалар денсаулығы институтының аға оқытушысы) қатысуымен өтті. Ол несеп-жыныс жүйесінің өте күрделі туа біткен ақаулары бар балаларға операция жасаумен аты шыққан маман.

Имран Муштактың нефрэктомия, ішінара нефрэктомия, адреналэктомия, пиелопластика, уретропластика, қуық пластикасы және эндоурология бойынша тәжірибесі мол. Дәрігер гипоспадия, жыныстық дамудың бұзылуы, қуық экстрофиясы және пластикалық урология бойынша маманданған.

№2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасының уронефрологиялық бөлімшесінің меңгерушісі Айгүл Ботабаева Имран Муштактың басшылығымен реконструктивті-пластикалық операциялар жүргізілгенін де айтты.  


Мастер-класқа урологтан практикалық тәжірибе алуға Алматы, Талдықорған, Семей, Астана қалаларынан дәрігерлер арнайы келді.

Бұл – Имран Муштактың №2 балалар ауруханасына бесінші мәрте келуі. Бұл жолы басты ұйымдастырушылар «Дом» қоғамдық қоры болды.

Оның пікірінше, шетелдік дәрігерлермен мастер-кластар ғана емес, дәрігерлердің өзге елдерге келіп, тәжірибе алмасуын ұйымдастыру керек. Олар Еуропаның медицина деңгейін көріп, өз тәжірибелерін әкеледі, әріптестерін оқытатын болады.

Айта кетейік, Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасымен былтыр 69 дәрігер шетелде біліктілігін арттырса, биыл 59 дәрігерді оқыту жоспарланып отыр.

Рекомендовать
Последние новости