Астана мен СҚО-да адам саудасымен айналысқандар ұсталды

Көркем Алдабергенова 28 июл. 2025 13:35

Астана қаласы және Солтүстік Қазақстан облысының ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөліністері мен прокуратура органдарының бірлескен жедел іс-шараларының нәтижесінде ел аумағында адам саудасына байланысты қылмыстарға қатысы бар екі қылмыстық топтың әрекеті тоқтатылды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қылмыскерлер интернет-ресурстарды жүйелі түрде пайдалана отырып, жыныстық қанауға қатысты заңсыз қызмет түрлерін жарнамалап, жүргізіп отырған. Олардың әрекеті ұйымдасқан сипатқа ие болып, миллиардтаған пайда табуға әкелген. Алдын ала деректер бойынша қылмыстық топтың күнделікті табысы 1,5 млн теңгеге дейін жеткен, ал 2024 жылдың басынан бері қаржы айналымы 1,7 млрд теңгеден асады.

Бұл қылмыстық желінің ауқымын және ұйымдасқан деңгейін көрсетеді. Жүргізілген тінту барысында ақша, банк карталары, автокөліктер, компьютерлер, ұялы телефондар және басқа да цифрлық ақпарат тасымалдағыштар тәркіленді.

Негізгі фигуранттар мен олардың сыбайластарына қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

Аталған фактілер бойынша Қылмыстық кодекстің адам саудасы мен ұйымдасқан қылмыстық топты құру және оған қатысу баптары бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу түріндегі жаза қарастырылған. Ішкі істер министрлігі басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, заңсыз қызметті жүзеге асыру үшін пайдаланылатын интернет-ресурстарды анықтау және бұғаттау жұмыстарын белсенді түрде жалғастыруда.


Рекомендовать
Последние новости